Талдықорғанда газ баллонының жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп Tengrinews.kz тілшісіне Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлаған. Еске саламыз, қарашаның 30-ына қараған түні Талдықорғандағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ балоны жарылып, жеті адам қайтыс болған болатын. Олардың ішінде нәресте де бар.

Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы "Өрт қауіпсіздігі тәртібі сақталмаған" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Алматы облыстық ІІД тергеу басқармасы жарылыстың не себепті орын алғанын анықтап жатыр. Осыған орай, бірнеше сараптамалық қорытынды да шығарылған. Полиция қызметкерлері, оқиғадан зардап шеккен 5 адам дәрігерлердің қадағалауымен ем-дом қабылдап жатқанын, ал қалған үш тұрғын медициналық тексеруден өткеннен кейін үйлеріне жіберілгенін айтып отыр.
Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газды қолданарда қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп. Дәл қазір төтенше жағдай болған жерде қираған үйді тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ол үйдің барлық тұрғындар жергілікті колледждің жатақханасына уақытша орналастырылды. Әкімдік қайтыс болған әрбір отбасы мүшесі үшін бір миллион теңгеден, ал үйлері қирап шығынға батқан отбасыларына 500 мың теңге көлемінде көмек көрсету туралы шешім қабылдаған. Қаржы облыстық бюджет есебінен өтелмек. Одан бөлек қираған үй толықтай қалпына келтірілетін болады. Алайда ол үйді қалыпқа келтіру үшін бір ай уақыт қажет.