Алматыдағы элиталы үйдің тұрғыны күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірген. Көлікпен үш рет мыжып, шалажансар күзетшіні тепкілеген. Марқұмның жақындары осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Алматыдағы элиталы үйдің тұрғыны күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірген. Көлікпен үш рет мыжып, шалажансар күзетшіні тепкілеген. Марқұмның жақындары осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оңбай жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, тілге келместен жан тапсырды. Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.
Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаға екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.
"Ол қақпадан шықпақ болды. Нұрбол оны тоқтатпақ болды. Енді мас адам, жолға шықса қанша адамды өлтіреді. Сосын Нұрбол көтеріліп келді, ол қайтадан айналып келді. Нұрбол ана жерге көлігін қойды деді де, барып шлагбауымды жапты, қақпаның біреуін жауып, екіншісін жауып жатқан кезде анау қатты келіп үш рет қақты. Оның алдында сыраның шөлмегімен дүңгіршекті шақты", - дейді пәтер иелері кооперативінің директоры Әлия Досмайылова.
"Тек осы бір ер адам ғана үнемі шулатып жүреді. Нашақор, ішіп-шегеді. Кеше де ішіп-шегіп алған. Оқиға әлі көз алдымыздан кетер емес. Асқан қатыгездік қой бұл. Күзетші Нұрбол үнемі күдікті азаматқа, оның отбасына, бәрімізге көмектесіп жүретін. Қаскөй бұған дейін осындағы диспетчерге соққы жасаған. Талай рет полицияға жазғанбыз. Білмеймін, ата-анасы үнемі қорғап алып шығады", - дейді Данеля Сартай.
Сұмдық оқиға болған тұрғын үй кешенінің аумағы қанға боялып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, күзетші ер адам бұл жерде шамамен 5-10 минуттай қансырап жатып, артынша ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында шырылдап үш баласы қалды, олар 14, 10 және 5 жаста.
Нұрбол Қайыпбаев отбасының жалғыз асырушысы болған. Тұрғын үй кешенінде ол екі жылдан бері 165 мың теңге айлыққа жұмыс істеп келіпті. Анасы жазда 42 жасқа толар еді деп ботадай боздап отыр.
"Баламның не жамандық жасағанын білмеймін ғой, бірақ балам аңқылдақ болатын. Ешкімге жаманшылдығы жоқ еді. Балам жоқ қой. Баламның орнын немен толтырады алады ол. Білмеймін ғой, немен толтыра алатынын", - дейді марқұмның анасы Майра Қайыпбаева.
"Кеше екінші тәулігі болған. Бүгін үйге келу керек еді. Таңертең хабарласып едім, басқа бір кісі телефон алды да, "сіз жолдасысыз ба, Нұрбол қазір ауруханада" деді. Ондай адамды шығармау керек. Қайтадан тағы біреуді өлтіреді. Оны өлтірмеу керек, түрмеде қинау керек, өмір бойына ..." - дейді марқұмның жары Әсем Молдахунова.
Бұл жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
"Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ер адам қазір уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы ПД бастығының орынбасары Рустам Шәрібаев.
Марқұмның жақындары қылмыскердің жазадан сытылып кетпеуін талап етеді. 45 жастағы күдікті ата-анасымен бірге тұрған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!