Түркістан облысында 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен бір миллион теңгеден аса ақшасын жымқырған. Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үш миллион теңгеден асады.
Бұл деректі полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша СДТБТ-ға тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан белгісіз адамды іздеуге және ұстауға кіріскен.
"Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт АПБ полицейлері Түркістан облысының бірнеше ауданында жасалған 50-ден аса пәтер ұрлығына қатысы бар тонаушыны ұстадық. Күдікті ер адам үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған және ұрланған бөтеннің мүлкін Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған", - деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Оның айтуынша, пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілген. Осылайша, күдіктінің жеке басы анықталған.
"Ол бұрын пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Яғни, күдікті бұрынғы соттылығына қарамастан, қайта қылмысқа барған. Ұры Түркістан облысының Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында соңғы үш жыл, яғни 2020, 2021, 2022 жылдар аралығында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Оңай жолмен олжалы боламын деп ойлаған күдікті осы аудандарға түнгі уақытта барып, ешкім жоқ үйлерге терезесін бұзып кіргені анықталып отыр", - деді брифингте Құрманбек Сахов.
Қазіргі уақытта соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынған. Айғақ ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылған. Полиция күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын және оның сыбайластарының бар-жоғын анықтап жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!