“Ата-анаңның қолынан сүйейін“. Қазақстандық оқушының әрекеті Әзербайжанды тәнті етті

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Ата-анаңның қолынан сүйейін“. Қазақстандық оқушының әрекеті Әзербайжанды тәнті етті Бейнеден кадр

Әлеуметтік желілерде жерде жатқан Әзербайжан туын көтеріп алған түркістандық оқушының видеосы танымал болды. Жоғары сынып оқушысына бұл әрекетіне байланысты Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да алғыс айтылып жатыр. Tengri Life редакциясы жасөспіріммен байланысып, оқиғаның мән-жайын білді.


Әлеуметтік желілерде жерде жатқан Әзербайжан туын көтеріп алған түркістандық оқушының видеосы танымал болды. Жоғары сынып оқушысына бұл әрекетіне байланысты Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да алғыс айтылып жатыр. Tengri Life редакциясы жасөспіріммен байланысып, оқиғаның мән-жайын білді.

Неден басталды?

Видеода оқушының жерде жатқан туды көтеру үшін жолдан өтіп бара жатқаны көрінеді.

"Түркістанда өткен саммит кезінде оқушы құрмет көрсетіп, жерге құлаған Әзербайжан туын көтеру үшін жолдан өтті", - делінген видеода.

@muhammedzhann 👏👏👏 #саммит #түркістан #ЗияткерлікМектеп #түркістан #turkistan ♬ News, news, seriousness, tension(1077866) - Lyrebirds music

Ролик 200 мыңнан астам қаралым мен 12 мыңға жуық лүпіл жинаған. Әзербайжандық қолданушылар мен Қазақстандағы әзербайжан диаспорасының өкілдері мемлекеттік рәмізге құрметпен қарағаны үшін оқушыға ризашылықтарын білдірді.

  • "Өз еліңе деген құрмет өзгеге құрмет көрсетуден басталады. Міне, тәрбие деп осыны айт!".
  • "Түркістан облыстық Әзербайжан этномәдени бірлестігінің атынан алғыс айтамын. Нұрсұлтан, үлкен азамат болып өс, бақытты бол! Сені тәрбиелеген ата-анаңа рахмет. Мың алғыс!".
  • "Ата-анаңның қолынан сүйейін! Бакудегі бауырыңнан сәлем".
  • "Рахмет, бауырым! Ата-анаңның денсаулығы мықты болсын!".
  • "Бауырыма және барша қазақ бауырларға рахмет. Тұран - күш!".
  • "Ата-анаңа құрмет! Респект! Әзербайжаннан сәлем!".

Оқушы не деді?

Біз видео кейіпкерін тауып сөйлестік. Ол Түркістанның 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлы болып шықты. Жасөспірімнің айтуынша, сол күні ол үйіне бара жатып, жерде жатқан туды көргенде бей-жай өтіп кете алмаған.

"Сол күні үйге қайтып бара жатып, жолда Әзербайжанның мемлекеттік туы жатқанын байқадым. Шамасы, қатты желден құлап кеткен болуы керек. Меніңше, мемлекеттік ту - бұл елге және оның халқына деген құрметтің, абырой мен намыстың символы. Сондықтан оның жерде жатқанына қарап тұра алмадым. Мен үшін бұл қалыпты әрекет болды", - дейді оқушы.

Оқушы мұндай қолдау болады деп күтпегенін мойындады.

"Ролик әлеуметтік желілерде тарай бастағанда, соншама адамның бұл ісімді оң бағалағанына таң қалдым. Әсіресе, адамдардың алғыс айтып, қолдау білдіріп жатқан пікірлерін оқу өте жағымды болды", - деді ол.

Нұрсұлтанның айтуынша, ата-анасы оның бұл ісін қолдаған.

"Олар дұрыс істегенімді және өзге мемлекеттің рәміздеріне құрмет көрсеткенімді мақтан тұтатындарын айтты. Олар мені әрқашан назар мен құрметті талап ететін дүниелерге бей-жай қарамайтын адам болуға тәрбиеледі", - деді оқушы.

Жоғары сынып оқушысы сабақтан бөлек, жеке стартап-жобасымен айналысады. Оның айтуынша, бұл жұмысы оған республикалық байқауларда бірнеше рет жүлделі орын әкелген.

"Жобам бірнеше республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Астанада өткен Regional Ecological Summit 2026 халықаралық экологиялық саммитіне қатыстым", - деп бөлісті Нұрсұлтан.

Фотоны материал кейіпкері ұсынды

Видео жарияланғаннан кейін Нұрсұлтанмен Қазақстандағы әзербайжан диаспорасының өкілдері байланысқа шыққан.

Диаспора өкілдері не дейді?

Біз Түркістан облысы бойынша "Қарабах" әзербайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасымен байланыстық. Ондағылар жасөспіріммен және оның отбасымен кездесетіндерін айтты.

"Біз Нұрсұлтан мен оның отбасына жеке алғыс айту үшін Шымкенттен Түркістанға баруды жоспарлап отырмыз. Оған алғыс хат, ескерткіш сыйлық, сондай-ақ әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы мен өміріне арналған кітапты табыс етеміз", - деді Түркістан облысы бойынша әзербайжандық "Қарабах" ҚБ төрағасы Рамиля Мустафаева.

Кейін өкілдер Нұрсұлтанмен кездесуден түсірілген суретті жіберді.

Фото: Түркістан облысы бойынша "Қарабах" ҚБ

Еске салсақ, 15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер көшбасшыларының бейресми саммиті өткен. Саммит тақырыбы "Жасанды интеллект және цифрлық даму" болды.

Tengrinews