Қазақстанда ресми түрде 10 миллионнан аса ер адам тұрады. Олардың басым бөлігі қай өңірлерде шоғырланған, қаншасы жұмыс істейді және ел экономикасында қандай рөл атқарады - толығырақ Tengri Life материалында.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, Қазақстанда 10 044 673 ер адам тұрады. Олардың 56 пайыздан астамы 16-дан 60 жасқа дейінгі аралықта:
- 0–15 жас - 30,2 пайыз;
- 16–60 жас - 56,5 пайыз;
- 61 жас және одан жоғары - 13,3 пайыз.
Ерлердің орташа жасы шамамен 31 жас 1 ай, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы шамамен 72 жас 2 ай.
Ер адамдардың ең көп бөлігі оңтүстік өңірлерде және Алматыда тұрады:
- Алматы – 1,1 миллион адам;
- Түркістан облысы – 1,1 миллион адам;
- Алматы облысы – 806,5 мың адам;
- Астана – 785,4 мың адам.
"Биылғы бес айда Қазақстандағы ең танымал ерлер есімі Алан болды – бұл есім 817 балаға берілген. Одан кейінгі орындарда Айсұлтан, Әлихан, Мұхаммед және Рамазан есімдері тұр", – деп хабарлады ведомство.
Ұлттық бюро деректеріне сәйкес, ерлер еңбек нарығының жартысынан астамын иеленеді: жұмыспен қамтылған халық арасындағы олардың үлесі 51,6 пайызға немесе шамамен 4,8 миллион адамға жетеді.
- 50,6 пайызы - жалдамалы жұмысшылар;
- 55,1 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Ер адамдар көбінесе келесі салаларда еңбек етеді:
- өнеркәсіп – 16,5 пайыз;
- көтерме сауда – 14 пайыз;
- ауыл шаруашылығы – 12,4 пайыз;
- көлік және қойма – 11,1 пайыз.
Ерлер көбінесе өз ісін алға жылжытып, өзіне жұмыс істеуді жөн көреді. Жеке кәсіпкерлер арасындағы олардың үлесі 54,7 пайыз болады. Бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі 35–44 жас тобына тиесілі - шамамен 1,4 миллион ер адам.