Биыл Қазақстанда Құрбан айттың алғашқы күні 27 мамырға сәйкес келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елдің барлық қалаларында мерекелік айт намазының оқылатын уақытын жариялады, деп хабарлайды Tengri Life.
Құрбан айттың негізгі мәні рухани тазару, мейірімділік және мұқтаж жандарға жәрдемдесумен ұштасады. Бұл күні мұсылмандар құрбандық шалып, етті үш бөлікке бөледі: отбасына, туған-туыстарына және қолдауға мұқтаж адамдарға. Бұл жақынға қамқорлық пен әлеуметтік әділдік идеясын айшықтайды.
Егер Ораза айт - оразаның аяқталуы, ауыз ашу және мейірімділік таныту болса, Құрбан айт - бұл құрбандық шалу жоралғысы, мұқтаждарға көмектесу және құрбандық етін отбасымен, мұқтаж жандармен бөлісу арқылы рухани құндылықтарды нығайту.
Құрбан айттың бірінші күні мұсылмандар таң ертемен мерекелік намаз оқып, содан кейін бір-бірін құттықтайды.
Биыл Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының тұрғындары үшін айт намазы 06:00-де басталады.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін мерекелік намаз уақыты 06:30-ға белгіленді.
Тағы да оқыңыздар: 2026 жылы Қазақстанда Құрбан айт қалай өтеді.