Шетелдіктер Қазақстанға таңғалып, оны жаңа әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шетелдіктер Қазақстанға таңғалып, оны жаңа әлемдік орталыққа айналдыруды ұсынды Фото:depositphotos.com

Әлеуметтік желілердің штелдік қолданушылары Қазақстанды жаңадан танып, ел тұрғындарының антропологиялық ерекшеліктерін қызу талқылай бастады. Тіпті желіде Қазақстанды wasian деп аталатын адамдардың әлемдік орталығына айналдыруды ұсынған жазба кең тарап кетті. Tengri Life танымал ағылшын тілді слэнгтің қазақ халқына неге еш қатысы жоқ екенін түсіну үшін белгілі генетик Мақсат Жабағиннің пікірін білді.


Әлеуметтік желілердің штелдік қолданушылары Қазақстанды жаңадан танып, ел тұрғындарының антропологиялық ерекшеліктерін қызу талқылай бастады. Тіпті желіде Қазақстанды wasian деп аталатын адамдардың әлемдік орталығына айналдыруды ұсынған жазба кең тарап кетті. Tengri Life танымал ағылшын тілді слэнгтің қазақ халқына неге еш қатысы жоқ екенін түсіну үшін белгілі генетик Мақсат Жабағиннің пікірін білді.

"Wasian" деген кімдер және бұған TikTok-тың қандай қатысы бар?

Wasian термині (white және Asian сөздерінен құралған) ағылшын тілді интернетте 2010 жылдары пайда болды және әдетте бір ата-анасы еуропалық, ал екіншісі азиялық нәсілден шыққан адамды білдіреді.

Бұл сөз TikTok-тағы Wasian Check трендінің арқасында қайта танымал болды. Онда пайдаланушылар өздерінің аралас тегі туралы айтып, ата-аналарының суреттерін көрсеткен.

@nikokatsuyoshi Сонымен, барлық wasian-дар үшін өз дыбысымды жасадым :) #sdg #fyp #wasiancheck ♬ Wasian Check... but different - Niko Katsuyoshi
@leagabriella аралас текті🤞🏻 #fyp #foryou #wasian #mixed #viral #serbia #taiwan ♬ Mix challenge - Markie Lucas

Кейінірек X желісінде ерекше жазба жарияланды: оның авторы Қазақстан "wasian-дардың отанына" айналуы мүмкін деген болжам жасады, өйткені елдің көптеген тұрғынының сырт келбеті тамыры еуропалық және азиялық аралас адамдарға ұқсайды.

"Әлемде wasian саны көбейген сайын, өзіндік болмысын іздеп жүрген әлемнің түкпір-түкпіріндегі wasian-дар Қазақстанды ата-бабасының мекені деп атайтын күн келе ме? Болашақта Батыстағы wasian-дар өздерін "kazakh-boo" деп атап, қазақ даласына тамырын тану үшін келе бастай ма?" – деп жазды желі қолданушысы.

Бұл жарияланым пікірталас тудырды. Кейбіреулер бұл ойды қолдаса, басқалары Орталық Азия халықтарының қалыптасу тарихы бөлек екенін және оны заманауи интернет-слэнгке теңеуге болмайтынын еске салды.

  • "Жоқ, өтінемін, бұлай емес. Орталық Азия халықтары wasian емес, біздің өз тарихымыз бар. Оның үстіне біз амур және байкал типтес азиялықтар мен ирандық дала көшпенділерінен тараймыз"
  • "Wasian болу қызық: әкең бір бөлек, анаң мүлдем басқаша көрінуі мүмкін, бірақ соңында сен екеуіне де ұқсамай, қазақ сияқты болып шығасың"
  • "Бірақ... қазақтар... негізінен, сол wasian-дардың өзі емес пе?"
  • "Ақ нәсілділер Қазақстанды жаңа ашқандай болып, енді бір твитті жаппай бөлісіп, бізді wasian деп атап жатыр. Ондайлар бізде көп болмайды деп үміттенемін"
  • "Меніңше, барлық wasian-дарға Қазақстанға бару керек. Таңғаласыз, бірақ ол жақта барлығы дерлік wasian сияқты көрінеді"

Скриншот: Threads

Ғылым не дейді?

Генетик Мақсат Жабағиннің айтуынша, "wasian" терминінің ғылымға еш қатысы жоқ.

"Wasian - white және asian сөздерінен құралған интернет-слэнг. Әдетте еуропалық және азиялық тегі аралас адамдарды осылай атайды. Ғылыми генетикада бұл термин қолданылмайды. Генетиктер wasian туралы емес, шығу тегінің батысеуразиялық және шығысеуразиялық компоненттерінің арақатынасы туралы айтады", - деп түсіндірді Жабағин.

Қазақтарды бұл сөзбен атауға болмайды, өйткені халқымыздың генофонды көптеген ұрпақ бойы қалыптасқан, ал жаңа слэнгтік термин тікелей ата-аналары әртүрлі нәсілге жататын адамдарға қатысты.

"Wasian сөзі ағылшын тілді бұқаралық мәдениетте пайда болған және әдетте бір ата-анасы еуропалық, ал екіншісі шығысазиялық болып келетін адамды білдіреді. Қазақтарға қатысты мұндай терминді қолдану дұрыс емес, өйткені бұл жерде жекелеген аралас тегі туралы емес, мыңдаған жылдар бойғы тарихи процестер нәтижесінде қалыптасқан популяция туралы сөз болып отыр", - деді генетик.

Қазақтарға еуропалықтардың белгілері қайдан келген?

Бұл ретте ғалым заманауи генетикалық зерттеулер қазақтардың геномында батысеуразиялық та, шығысеуразиялық та компоненттер бар екенін растайтынын атап өтті.

Антропология тұрғысынан қазақтар дәстүрлі түрде Еуразияның еуропеоидтық және моңғолоидтық популяциялары арасындағы аралық орынды иеленетін оңтүстіксібір типіне жатқызылады.

Алайда бұл жақын арадағы араласудың нәтижесі емес.

"Физикалық антропология тұрғысынан қазақтар дәстүрлі түрде Еуразияның еуропеоидтық және моңғолоидтық популяциялары арасындағы аралық орынды иеленетін оңтүстіксібір антропологиялық типіне жатқызылады. Заманауи генетикалық зерттеулер жалпы алғанда бұл бақылауларды растайды және қазақтардың геномында шығу тегінің батысеуразиялық та, шығысеуразиялық та компоненттері бар екенін көрсетеді", - деп түсіндірді Жабағин.

Бірақ "еуропалық" емес, дәл осы "батысеуразиялық" компоненттер деп айтқан дұрысырақ болады.

"Қазақтардың геномы бірнеше көне қабаттардан: қола дәуіріндегі далалық малшылардан, сақ және сармат топтарынан, Орталық Азиядағы егінші популяциялардан және Алтай, Оңтүстік Сібір мен Моңғолияның шығысеуразиялық көшпенділерінен қалыптасқан", - дейді генетик.

Неге қазақтардың сырт келбеті әртүрлі болуы мүмкін?

Ғалымның мәліметінше, әр адам бойында әртүрлі генетикалық мұра тасымалдайтындықтан, қазақтардың сырт келбеті қатты ерекшеленуі мүмкін. Тіпті бір үйдің балалары - ағалы-қарындас немесе апалы-інілілердің өздері бір-біріне мүлдем ұқсамауы да ғажап емес.

"Қазақтар батысеуразиялық және шығысеуразиялық мұраның әртүрлі үлесін иеленген. Бір адамда батысеуразиялық қабатқа тән белгілер басым болса, екіншісінде шығысеуразиялық нышандар көбірек байқалуы мүмкін. Сырт келбетке көптеген гендер жауап береді, сондықтан жақын туыстардың өзі әртүрлі көрінуі мүмкін", - деді генетик.

Ал халықтардың генетикалық портреті бірнеше дәуірде қалыптасты.

"Алдымен ежелгі жергілікті және далалық популяциялар болды, содан кейін қола дәуірі, сақ-скиф әлемі, түркілердің қоныс аударуы, ғұндар, ортағасырлық көшпелі империялар және Моңғол империясы дәуірі келді. Қазіргі қазақ генофонды - бұл Ұлы даланың көпқабатты тарихының нәтижесі", - деп бөлісті ол.

Қазақтар Еуразияның генетикалық картасында қай жерде орналасқан?

Ғалымның айтуынша, қазақтар Еуразияның генетикалық картасында шынымен де ерекше орын алады.

"Қазақтар батыс пен шығыс арасындағы еуразиялық генетикалық континуумның дәл ортасына жуық жерде орналасқан. Бірақ бір маңызды жайт бар: бұл ретсіз араласу емес, бұл - мыңдаған жылдар бойы түрлі компоненттер біріккен дала халқының тарихи қалыптасқан профилі", - деп түсіндірді ол.

Жабағиннің сөзінше, қазақтарда тұрмыстық мағынадағы біртұтас "генетикалық код" жоқ, бірақ қайталанбас портрет бар: бұл далалық, орталық және шығысазиялық тамырлардың өзара астасуы.

Ол толық геномдық зерттеулер бойынша қазақтардың өңірдегі басқа халықтарға - ноғайларға, қарақалпақтарға, қырғыздарға, ішінара өзбектер мен ұйғырларға, сондай-ақ Оңтүстік Сібір мен Моңғолия халықтарына ең жақын екенін айта кетті.