Таиландта "Кисло-Сладкий" лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Дархан Жұмабекті іздеу жұмыстары аяқталды. Бейнебаян түсірілімі алдында байланысқа шықпай қалған әртіс жергілікті ауруханалардың бірінен табылды, деп хабарлайды Tengri Life.
Не болды?
Іздеудің аяқталғаны туралы Таиландта рэпермен бірге жұмыс істеуі тиіс болған режиссер Парасат Ибраев әлеуметтік желіде мәлімдеді. Түсірілім тобы музыканттың медициналық мекемеде екенін жергілікті тұрғындардан білген.
"Біз ақпарат алған бойда Парасатпен бірге сол жерге келдік. Нақты не болғанын және оның жағдайы қандай екенін әзірге білмейміз. Бізді әлі ішке кіргізбеді, сыртта күте тұруымызды өтінді. Жақсы жаңалық болады деп үміттенеміз. Осы уақыт бойы бізге қолдау көрсеткен барлық ерікті мен жергілікті жігіттерге алғыс айтамыз", – делінген видеода.
Жазбаның сипаттамасында түсірілім тобы орындаушының өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтып сендірді.
"Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Тағы бір тәулік сонда болып, ес жинап, ертең болған жайтты өзі айтып береді деп үміттенемін. Уайымдаған, көмектескен және іздеуге қатысқан әрбір жанға рақмет. Ең бастысы – адам табылды және қауіпсіз жерде".
Сондай-ақ олар аудиторияны жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық режиссер Парасат Ибраев Дархан Жұмабектің жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатын.
Оның айтуынша, әртіс досымен бірге Таиландта саяхаттап жүрген. Ол Бангкоктан Пхукетке ұшып келуі керек еді, онда топ екі музыкалық бейнебаянның түсіріліміне дайындалып жатқан болатын. Алайда Дархан түсірілім алаңына келмеген, ал телефоны сөндірулі болған.
Бұдан кейін түсірілім тобы бейнебақылау камералары арқылы оның бағытын анықтау үшін жергілікті полицияға жүгінуді ұйғарған. Сонымен қатар режиссер оның жоғалуы қандай да бір пиар-науқанмен байланысты емес екенін мәлімдеді.
Кисло-Сладкий деген кім?
Кисло-Сладкий (Дархан Жұмабек) - қазақстандық рэп-орындаушы, 1999 жылы 9 сәуірде Алматы облысының Шелек ауылында дүниеге келген. Ол "Пиридай" сияқты бірнеше танымал тректерді шығарған "Кисло-Сладкий & Bonah" хип-хоп дуэтінің мүшесі ретінде танымал болды. Кейінірек әртіс жеке мансабын бастады.
2020 жылы оның есімі әнші Dequine-нің тарапынан айтылған әлімжеттік жасау айыптарына байланысты қоғамдық дауға ілігіп, бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен резонанс пен қызу талқы тудырған болатын.
Еске сала кетейік, 19 мамырда рэпердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұған түнгі клубтан түсірілген видео себеп болды, онда ол Алматы полициясының мәліметінше, қоғамдық тәртіпті бұзып, өзін дөрекі ұстаған. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оған 20 АЕК (шамамен 86 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.