Альфа буынның жаңа тренді пайда болды. Поп-ит, лабубу және симпл-димплден кейін TikTok-ты дамплингтер - ішінде жылтыр гелі бар, қытай тұшпарасы пішініндегі жұмсақ антистресс-ойыншықтар жаулап алды. Олар тез танымал болғанымен, ата-аналар пікірі мен қауіпсіздік сынақтарының нәтижесі қазірдің өзінде күмән тудырады, деп хабарлайды Tengri Life.
Дамплинг деген не және ол неге танымал болды?
Дамплингтер - қытай тұшпарасы пішініндегі жұмсақ антистресс-ойыншықтар. Ішінде гель, жылтырақтар пен орбиздер бар, соның арқасында ойыншықтарды мыжып, созу өте жағымды. Өндірушілер оларды босаңсып, стрессті басуға арналған сенсорлық ойыншықтар ретінде ұсынады.
Трендтің кеңінен таралуына TikTok себеп болды. Пайдаланушылар қаптаманы ашу видеоларын түсіріп, топтамаларын көрсетеді және дүкендерден дамплингтердің "сирек" нұсқаларын іздейді. Дамплингтердің бір бөлігі blind box форматында сатылады, ішінде қандай түс немесе дизайн болатыны алдын ала белгісіз.
Америкалық БАҚ бұл ойыншықтар кейінгі айларда ең вирусты трендтердің біріне айналғанын атап өтті. Желі қолданушыларын бірден бірнеше нәрсе қызықтырады: күтпеген әсер мен қолға жағымды текстура. Сұраныстың жоғары болуына байланысты кейбір нұсқалар тез сатылып кетіп жатыр, ал әлеуметтік желілерде сирек кездесетін glitter және jumbo нұсқаларына нағыз "аңшылық" басталған.
@rhia.official Әлемдегі ЕҢ ҮЛКЕН Mega Jumbo Mystery Dumplings орауын ашайық!!😱🌈✨⁉️ #asmr #foryou #dumplings #dumplingsquishy ♬ түпнұсқа дыбыс - Rhia👑
Неге қауіпсіздікке қатысты сұрақтар туындады?
Дегенмен, трендтің екінші жағы да бар. New York Post мәліметінше, канадалық Джордан Коллинет қызы үйге дамплинг жиынтығын алып келгеннен кейін танымал ойыншықтар сапасын тексеруді ұйғарған. Оның айтуынша, олардан "өте өткір химиялық иіс" шығып тұрған.
Коллинет ойыншықтарды ұшпа органикалық қосылыстарды (VOCs) өлшейтін құралмен бірге пакетке салып қойған. Бұл пластиктен, желімнен, бояудан және басқа материалдан бөлініп, ауа сапасына әсер етуі мүмкін заттар.
Нәтижесі оны таңғалдырды.
"Шынымды айтсам, жағдай мұншалықты нашар болады деп ойламадым", деді ол видеода.
@learning.the.limits Мен трендтегі жұмсақ дамплингтерді бірден қаптамасынан шығарып тексердім. Нәтижелер өте алаңдатарлық болды. #squishy #dumpling #needoh #toxic #vocs ♬ Chopin Nocturne No. 2 Piano Mono - moshimo sound design
Кейін ол бұл көрсеткіштерді ашық бояу құтысымен салыстырды. Оның айтуынша, ойыншықтардағы VOC деңгейі бояуға қарағанда жоғары болған.
"Сіз балалар ойыншығының құрылыс дүкеніндегі бояу құтысынан да қауіпті болғанын қалайсыз ба?" - деді Коллинет.
Сондай-ақ ол балалардың мұндай ойыншықтарды жиі бетіне жақындататынын, кейде аузына салатынын ескертті. Егер сыртқы қабығы жарылса, ішіндегі заты қолға, теріге және айналадағы заттарға жағылады.
Видеода аталған ойыншықтарды өндіруші бұл жағдайға қатысты ресми түрде толық түсініктеме берген жоқ. Сонымен қатар Коллинеттің өзі Health Canada мекемесіне өнімді тексеру туралы өтініш түсіргенін хабарлады.
Сарапшылар не анықтады?
Consumer Reports бөлек зерттеу жүргізді. Сарапшылар ата-аналардың балалар терісінің тітіркенуіне қатысты шағымдарынан кейін танымал ойыншықтарды зерттеген.
Есепте көптеген ойыншық қолданудың алғашқы сағаттарында немесе күндерінде бұзылатыны айтылған. Ата-аналар өз пікірінде ойыншықтардың "бір сағаттан кейін жарылып кеткенін", "екі сағат ойнағаннан кейін жыртылғанын" немесе "сатып алғаннан кейін бірден тігісі сөгіліп кеткенін" айтып шағымданады.
Басты мәселе - ішіндегі толтырғышта.
Кейбір ата-аналар гельмен жанасқаннан кейін балалардың терісі қызарып, тітіркеніп, қабыршақтанғанын айтқан. SaferProducts.gov базасында ойыншық жарылғаннан кейін балалар химиялық күйікке ұқсас жарақат алған жағдайлары туралы хабарламалар бар.
@giannamjoyce ЖЫЛТЫР ЖҰМСАҚ ДАМПЛИНГ!!!
♬ түпнұсқа дыбыс - gianna
Consumer Reports сегіз дамплингті сынақтан өткізіп, ішіндегі гельдің қышқылдығын тексерді. Жеті үлгінің рН деңгейі бейтарап болып шықты, бірақ бір ойыншықта - Nee-Doh Groovy Glob-те рН 2-ге жуық болды. Бұл лимон шырыны немесе сірке суымен бірдей көрсеткіш.
Сарапшылар мұндай жоғары қышқылдықтың сезімтал бала терісі үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.
Дерматолог Данило Дель Кампо рН деңгейінің тым төмен немесе тым жоғары болуы терінің тітіркенуіне, қызаруына, ашуына және бөртпе шығуына әкеп соғуы мүмкін екенін, ал балалардың терісі жұқа болғандықтан, реакция күштірек болуы ықтимал екенін түсіндірді.
Бұл ретте Nee-Doh өндіретін Schylling компаниясы Consumer Reports тұжырымымен келіспеді. Өндіруші ойыншықтар ішіндегі гельдің теріге тиюі қауіпсіз екенін және ол поливинил спиртінен немесе тағамдық мальтоза экстрактынан тұратынын мәлімдеді. Сонымен қатар компания 100 миллионнан астам ойыншық сатылғанын және тек бірнеше ресми шағым түскенін атап өтті.
Микротолқынды пешпен байланысты қауіпті тренд
Тағы бір мәселе - микротолқынды пешке қатысты тренд. TikTok пайдаланушылары squishy-ойыншықтарды жұмсарту үшін микротолқынды пеште қыздыруға кеңес бере бастады.
Consumer Reports ұйымы бұл кеңесті тексеріп көріп, кейбір ойыншықтың небәрі 15 секунд қыздырғаннан кейін жарылып кеткенін анықтады. Бұл кезде ішіндегі температура Цельсий бойынша 90 градустан асқан.
Сарапшылар ескертеді: ыстық гель қас қағым сәтте ауыр күйік шалдыруы мүмкін.
Айта кетейік, тіпті көлікте күн астында қалып қойған ойыншық та қауіп төндіруі ықтимал. Бір ана қызып кеткен дамплингті қолына алғанда, ол алақанында жарылып, салдарынан екінші дәрежелі күйік алғаны белгілі.
Осы оқиғадан кейін өндірушілер ойыншықтарды қыздыруға, мұздатуға немесе көлік ішінде күн астында қалдыруға болмайтыны туралы ескерту жариялады.
Ата-ана не нәрсеге назар аударуы керек?
Мамандар мұндай ойыншықтардың зақымдалмағанын мұқият тексеріп, сызат немесе сұйықтық аққан жер байқалса, оларды бірден қоқысқа тастауды ұсынады.
Сондай-ақ сарапшылар мынадай кеңес береді:
- дамплингтерді аузына салуы мүмкін кішкентай балаларға бермеу;
- ойыншықтарды қыздыруға және мұздатуға болмайды;
- оларды көлікте немесе күн сәулесі тікелей түсетін жерде қалдырмау;
- дамплингте микросызаттардың бар-жоғын тексеріп тұрыңыз. Егер ол аға бастаса, бірден қоқысқа тастаңыз.
- егер ойыншық жарылып, гель теріге тисе, ол жерді дереу сабындап, сумен жуыңыз. Егер гель жабысқақ болып, жуылмаса, вазелин немесе минералды майды қолдануға болады, содан кейін міндетті түрде ылғалдандырғыш крем жағыңыз.
Мамандар дамплингтердің бәрі бірдей қауіпті емес екенін атап өтті. Дегенмен, ата-аналарға ойыншық материалының сапасына, иісіне, әсіресе ішінде гелі болса, бүтіндігіне баса назар аудару ұсынылады.
Тағы оқыңыз: Тарихта ең көп сатылған телефон аталды: бұл iPhone емес