“Кішкентай күшік“. Желідегі “алып“ алабайдың видеосы қазақстандықтарды сүйсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Кішкентай күшік“. Желідегі “алып“ алабайдың видеосы қазақстандықтарды сүйсіндірді Бейнеден кадрлар

Таразда алабайдың сәтсіз аяқталған "қашу операциясы" желі қолданушыларының назарын аударды. Иесінің үлкен итті көтеріп алып, жолдан өтіп бара жатқан сәті мыңдаған қаралым жинады. Tengri Life ит иесімен тілдесіп, салмағы 60 келі тартатын "алып" туралы білді.


Таразда алабайдың сәтсіз аяқталған "қашу операциясы" желі қолданушыларының назарын аударды. Иесінің үлкен итті көтеріп алып, жолдан өтіп бара жатқан сәті мыңдаған қаралым жинады. Tengri Life ит иесімен тілдесіп, салмағы 60 келі тартатын "алып" туралы білді.

Бәрі қалай басталды?

Ақтөс туралы видео Threads желісінде пайда болды. Оны Тараз тұрғыны Лаура жариялаған.

"Жаным Ақтөс, "қашу" миссиясы сәтсіз аяқталды", - деп жазды автор жарияланым астына.

Скриншот: Threads

Видеода ер адамның ештеңе болмағандай "алып" алабайды көтеріп бара жатқаны түсірілген. Ал ит болса айналасына қызыға қарап бара жатқандай.

Жазба 580 мыңнан аса қаралым жинады. Пікір қалдырушылар иттің иелеріне тәнті болып, үй жануарының мінезі туралы әзілдеген. Кейбіреулер тіпті Ақтөске "қалыңдық" ұсынған.

  • "Бүгінгі ең үздік видео! Мына кісі жарады - мұндай дәу итті көтеріп бара жатқан".
  • "Менің де итім бірде осылай қашып кеткен. Қуып жеттім, бірақ көтере алмадым. Содан көмек келгенше, үстіне жата қалудан басқа амалым болмады".
  • "Егер ол шынымен осындай жуас әрі сүйкімді болса, мына "бикешке" күйеу жолдас қылсақ қалай болады?".

Ит иесі не дейді?

Біз Лаурамен әңгімелестік. Ақтөс оңтайлы сәтті қалт жібермейтін шебер екен. Ит қақпа ашылған бойда сыртқы жүгіріп шығып кеткен.

"Біз жолға шыққалы жатқанбыз, әкем қақпаны ашқанда, Ақтөс көшеге атылып шықты. Көлік астына түсіп қала ма немесе өтіп бара жатқан адамдарды қорқытама ма деп, әкем бірден соңынан жүгірді. Негізі Ақтөс өте мейірімді әрі жуас ит", - дейді ол.

Ақтөс төрт жаста. Салмағы 60 келіге жуық, бойы 158 сантиметрге жететін айбынды кейпіне қарамастан, отбасы мүшелері оны қатал күзетшіден гөрі "кішкентай күшікке" көбірек ұқсатады.

"Ол өте мейірімді, ешкімге зияны жоқ. Мінезі дәл бір кішкентай күшік сияқты: өте елгезек әрі досшыл. Ол бізде 2022 жылдан бері тұрады, бізге келгенде титтей ғана болатын", - деп бөлісті Лаура.

Иесінің айтуынша, Ақтөс үнемі үйде болады. Ол алғашында қонақтардың иттен сескенетінін, бірақ алып иттің ақкөңіл мінезі кез келген адамды тез баурап алатынын жеткізді.

Әлеуметтік желі қолданушылары алабайдың мәзіріне де қызығушылық танытты. Барлығы өте қарапайым екен: Ақтөс күніне үш мезгіл - таңертең, түсте және кешке тамақтанады. Мәзірінде әдетте үйде пісірілген ас пен иттерге арналған жем болады.

Tengrinews