Сәнге айналған шалбардың күтпеген қаупі айтылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сәнге айналған шалбардың күтпеген қаупі айтылды Бейнеден кадрлар

Zara-ның сатин шалбарлары әлеуметтік желілерде күтпеген жерден қызу талқыға түсті. Сатып алушылар бұл модельдің ерекшеліктеріне байланысты құлап, жарақат алған оқиғаларымен жаппай бөлісіп жатыр. Tengri Life стилистпен сөйлесіп, мұндай шалбарлар шынымен де ыңғайсыз болуы мүмкін бе, қауіпті қалай азайтуға болады және қандай модельдер практикалық балама бола алатынын анықтап көрді.


Әлеуметтік желілерде "өлтіргіш шалбарлар" деп аталып кеткен Zara-ның кең балақты сатин шалбарлары қызу талқыланып жатыр. Әртүрлі елдердің сатып алушылары жүру кезінде матаның аяқ киімге немесе екінші балаққа ілініп қалатынын, соның салдарынан тепе-теңдік жоғалтып, құлайтынын айтады. Көбісі желідегі ұқсас оқиғаларды көргенге дейін, мұны өздерінің епсіздігінен деп келгендерін мойындайды.

"Zara-да "өлтіргіш шалбарлар" бар екенін білесіздер ме? Өзім тіземді жарып, жерде жатқанға дейін білмеппін. Мұндай "бақытты" жалғыз мен екенмін деп ойласам, кейінірек Instagram-да бүкіл әлем бойынша осындай миллиондаған жағдай туралы жазылған жазбаны көзім шалды. Жалпы, пікірлерге қарағанда, мен тек көгерген жерлермен, дірілмен және өмір бойы қалатын қорқынышпен "жеңіл" құтылыппын", - деп бөлісті сәнқойлардың бірі.

Оның айтуынша, жарияланымнан кейін көптеген сатып алушы осындай мәселеге тап болғаны белгілі болған.

Скриншот: Threads

"Өзімді жай ғана епсізмін деп ойладым": сатып алушылар не дейді?

Жазбаның астында ондаған бойжеткен өз оқиғаларын бөлісті.

"О, Құдайым, жақында ғана менде де солай болды, шалбарға шатасып қалып, көшенің қақ ортасында гүрс етіп құладым. Сондай ауыр болды әрі ұятқа қалдым", - деді желі қолданушыларының бірі.

Тағы бірі бұл шалбармен бірнеше рет құлағанын мойындады.

"Мен де осы шалбардың құрбаны болдым. Екі жаз ішінде асфальтқа талай рет сұлап түстім. Ал бұл шалбардың мені "өлтірмек болған" әрекеттері қаншама. Соңғы жағдай тіпті сұмдық болды. Тізем мен қолымның бәрін жырып алдым. Енді тыртық қалатын сияқты. Мен болсам өзімді епсізмін деп кінәлап жүрмін. Бірақ видеоны көргенде ғана бәрін түсіндім. Енді бұл шалбарды ешқашан кимеймін", - деп жазды ол.

Скриншот: Threads

Тағы бір желі қолданушысы шалбардың әсіресе баспалдақта өте қауіпті екенін айтты.

"Сізде де Zara-ның "өлтіргіш шалбарлары" бар ма? Сатиннен тігілген кең балақтар жүргенде немесе баспалдақпен көтерілгенде бір-біріне ілініп қалады. Жеке өзім екі рет ми шайқалуынан аман қалып, жағымды әрең сақтап қалдым", - деді қыз.

Кейбіреулер құлау оқиғалары өте қауіпті жағдайларда болғанын айтты.

"Мәселе осында екен ғой! Мен осы шалбармен кішкентай қызымды қолыма ұстап тұрып құладым. Осы талқылау үшін рақмет", - деп жазды сатып алушылардың бірі.

Көптеген пікір қалдырушы мұндай жазбалар шыққанға дейін болған жағдайға тек өздерін кінәлап келгенін айтты.

@busekalayci99 Zara trousers ain’t for the weak. Ended up with a concussion #zara #zaratrousersdangerous #hazard ♬ Saxophones getting louder - Sped Up - AntonioVivald

Шетелдік сатып алушылар да ұқсас мәселені айтып жатыр. Аустралиялық Стефани осы шалбармен құлағаннан кейін ауруханаға жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.

"Шынымды айтсам, Zara-ның осы бір оңай шатасып, құлап қалуға болатын ұзын шалбарлары қаншама адамға қиындық тудырғанын тіпті білмеппін", - деп шағымданды сатып алушылардың бірі.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Публикация от Steph ⚡️ (@stephaniesworld__)

Қолданушылардың айтуынша, құлау салдарынан олар денелерін сырып алған, тізелерін жарақаттаған, қолдарын зақымдап, тіпті аяқ саусақтарын сындырып алған. Кейбіреулер қалжыңдап мұндай модельді ескерту жапсырмасымен сату керек деп жазып жатыр.

@camilariberaroca piénsenla MIL veces antes de comprárselos @ZARA debería tener una advertencia en la etiqueta de estos pantalones💀⚠️ #deadly #zarapants #falling #zaratrousers #fyp ♬ original sound - jojo.aitools

TikTok-та болса #deadlyzarapants ("Zara-ның өлімші шалбарлары") хэштегі таралып жатыр, оның астында қолданушылар өз оқиғаларымен видео жариялаған. Көбісі шалбар өлшемі бойынша таңдалса да, бұл мәселенің туындайтынын айтады. Пікірлерде көбінесе бұйымның ұзындығын қысқартуға немесе балағын тобыққа дейін тарылтуға кеңес беріледі.

@morgibxi be safe out there, these zara pants are a trip hazard #zarapants #zarattrousersdangerous #zarapantsfalling ♬ original sound - Tyra

Желі қолданушыларының пайымдауынша, бұған өте кең пішім, ұзын балақтар және жеңіл, сырғанақ матаның үйлесімі себеп болады. Жүру кезінде бір балақ екінші аяқтың табанының астына түсіп кетіп, адам тепе-теңдігін жоғалтады.

@gracewils0nx Thnx Tom for laughing after you’ve picked me up off the floor xxxx @tomorford2301 @ZARA #deathtrousers #zara #zaradeathtrousers ♬ original sound - €

Стилист қандай кеңес береді?

Стилист Гүлнәз Серікқали мұндай жағдайлардың шынымен де кейбір кең шалбар модельдерінде болуы мүмкін екенін, әсіресе олар жеңіл сатиннен немесе басқа да сырғанақ матадан тігілсе, қауіпті екенін атап өтті.

"Мәселе нақты бір брендте емес, бұйымның конструкциясында болып тұр. Егер шалбар тым ұзын, кең және тегіс матадан тігілген болса, жүрген кезде бір балағы сырғып кетіп, табан астына түсуі немесе екінші балаққа ілінуі мүмкін. Көбіне бұл баспалдақта, эскалаторда немесе жылдам жүргенде болады", - деп түсіндірді сарапшы.

Маман ең алдымен бұйымның қалай тұрғанына (қонуына) назар аударуға кеңес берді.

"Егер шалбар жерге тиіп тұрса, оны тігіншіге қысқартқан дұрыс. Кейде балағы төмен қарай сәл тарылған пішім де көмектеседі - бұл жағдайда қозғалыс кезінде мата азырақ ширатылады. Егер осындай силуэт ұнаса, бірақ көбірек жайлылық қаласаңыз, тығыз матадан тігілген кең костюмдік шалбарларға, ұзындығы дұрыс таңдалған палаццоға немесе кюлоттарға назар аударған жөн. Олар сәнді көлемді сақтап қалады, бірақ жүргенде әлдеқайда аз кедергі келтіреді", - деп ұсынды Гүлназ.

Ол киімнің қауіптілігіне байланысты бұған дейін де талай рет қызу талқыға түскенін айта кетті.

"Әр жылдары сәнқойлар өз балағын өзі басып қала беретін тым ұзын джинсыларға, тепе-теңдікті жоғалту оңай болатын тым биік платформалы аяқ киімдерге, қозғалыстағы механизмдерге ілініп кететін ұзын шарфтарға және айналадағы заттарға ілінетін белдіктерге шағымданған. Сондықтан киім таңдағанда тек оның сыртқы түріне ғана емес, күнделікті өмірде қозғалудың қаншалықты ыңғайлы әрі қауіпсіз екеніне де мән беру маңызды", - деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жарияланған оқиғалар желі қолданушыларының жеке тәжірибесіне негізделген және бұл жайттардың өзі шалбардың нақты моделінде өндірістік ақау бар екенін растамайды. Дегенмен бұл талқылау мыңдаған сатып алушының назарын аударып үлгерді, олардың көбі мұндай жарияланымдардан кейін сатин шалбарларын қысқартуды немесе тым ұзын модельдерден мүлдем бас тартуды жөн көрген.

Тағы оқыңыз: "Сәтсіз кадр". Криштиану Роналдудың қастары қызу талқыға түсті

Гүлназ Серікқали - төрт жылдық тәжірибесі бар стилист, The Museum of Modern Art-та сән курстарын тәмамдап, стиль тарихын, трендтерді және үйлесімді бейнелер жасау принциптерін оқыған. Гүлназ жеке гардеробты іріктеуге және стильді, әрі практикалық бейнелер жасауға маманданған.