Қарбызды қай кезден бастап алаңсыз жеуге болады? АШМ нақты мерзімдерін атады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қарбызды қай кезден бастап алаңсыз жеуге болады? АШМ нақты мерзімдерін атады Фото:depositphotos.com

Шілденің ортасында қарбыз жеуге бола ма, әлде тамызды немесе тіпті күзді күткен дұрыс па? Үкімет брифингінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановқа осындай сауал қойылды, - деп хабарлайды Tengri Life тілшісі.


"Қарбыз бен қауын құрамындағы нитраттар мен басқа да қоспаларға байланысты оларды тұтынудың қаншалықты қауіпсіз екені туралы пікірталастар жиі айтылады. Сарапшы ретіндегі пікіріңіз қандай, қазір қарбыз жеуге бола ма, әлде тамыз немесе күз мезгілін күтуге кеңес бересіз бе?", - деген сұрақ қойылды.

Азат Сұлтанов Қазақстанда бақша дақылдарын өсірудің бірнеше технологиясы бар екенін атап өтті: пленка астында, орташа пісетін, кеш пісетін және жыл бойы өсетін сорттар. Соңғы жағдайда қарбыз бен қауын өзге елдерден импортталады.

"Бақша өнімдерін шілденің аяғынан қыркүйекке дейінгі аралықта тұтыну қауіпсіз саналады. Бұл кезеңде олар ешқандай қоспасыз, тыңайтқышсыз және өсу стимуляторларынсыз табиғи жолмен піседі. Сондықтан, әсіресе балаларға әзірге жемеген абзал. Бұл сарапшы ретіндегі жеке пікірім", - деп толықтырды вице-министр.

Ол Қазақстанға сырттан әкелінетін барлық жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері түрлі зиянкестер мен аурулардың жоқтығына қатысты фитосанитарлық бақылаудан өтетінін атап өтті.

"Сондықтан фитосанитарлық тұрғыдан өнімдер қауіпсіз деп санаймыз. Бірақ химиялық заттардың қалдықтары азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін, бұл ретте біз санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", - деді Сұлтанов.

Бұған дейін санитар дәрігерлер қазақстандықтарды ерте піскен қарбыз бен қауынды сатып алуға асықпауға шақырған болатын. Сондай-ақ олар қарбыздардың әдетте шілденің ортасынан қыркүйекке дейін пісетінін еске салды. Сондықтан маусым басталғанға дейін сөрелерде "жергілікті қарбыздардың" пайда болуы сатып алушыларды сақтандыруы тиіс.