Қазақстанда 30 қыркүйек - 1 қазан аралығында "Алматы туры -2017" веложарысы өтеді. Іс-шараның басқа маусымдардан айырмашылығы - бұл жолы веложарыс екікүндік форматта өтеді. Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев Tengrinews.kz тілшісіне ұйымдастырушылардың осы жарысты өткізуде алматылық жүргізушілерге кедергі келтірмеу үшін қандай маршрут ойластырғанын, сондай-ақ, велотурға қатысты басқа да мәліметтерді айтып берді.
Қазақстанда 30 қыркүйек - 1 қазан аралығында "Алматы туры -2017" веложарысы өтеді. Іс-шараның басқа маусымдардан айырмашылығы - бұл жолы веложарыс екікүндік форматта өтеді. Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев Tengrinews.kz тілшісіне ұйымдастырушылардың осы жарысты өткізуде алматылық жүргізушілерге кедергі келтірмеу үшін қандай маршрут ойластырғанын, сондай-ақ, велотурға қатысты басқа да мәліметтерді айтып берді.
- Дархан Аманұлы, қыркүйектің соңында "Алматы туры" веложарысының кезекті маусымы өтеді. Жарыстың алғаш рет екі күн өтетіні белгілі болды. Басқа қандай жаңашылдық болады? Велоспортты сүйетіндерге, жанкүйерлерге қандай да бір тосынсыйлар бола ма?
- Биыл веложарыс көптеген себептерге байланысты ерекше болмақ. Төрт жыл уақыт бойы "Алматы туры" шарасын ұйымдастырып жатқанда біз әрдайым осы жобаның көлемін үлкейту мақсатында бір қадам болса да алға жылжуға тырыстық - UCI дәрежесін арттыру, қатысып жатқан командалардың да деңгейін көтеріп, жобаны ұйымдастыру мәселесін жетілдіруге тырыстық. "Алматы туры" жобасының басқа да халықаралық кәсіпқой жарыстармен бір қатарда болғанын қаладық. Алдағы жарыс бізде мерейтойлық болмақ. Бесінші рет. Осы жолы біз деңгейімізді көтере алдық - енді "Алматы туры" жобасы UCI бойынша көпкүндік веложарыс мәртебесін алды.
"Алматы туры - 2017" веложарысы екі кезең бойынша өтеді - 30 қыркүйекте және 1 қазанда. Қөпкүндік формат біз үшін жаңашылдық болып отырғандықтан, осындай жарыстарды өткізудегі халықаралы тәжірибелерге сүйенеміз. Мысалы, осыған дейін біз жарыс пен таныстыру рәсімін бір күнде өткізіп жіберетінбіз. Мұның өзі негізінде спортшылардың көп уақытын алатын әрі физикалық тұрғыда да шаршататын. Ал биыл біз осы кезеңге жеке-жеке тоқтауды шештік, осыған байланысты командаларды таныстыру рәсімі мен басқа да дайындыққа арналған іс-шараларды бөлек өткіземіз. Осылайша, веложарыстың басталуына бір күн қалғанда 29 қыркүйекте кешкі уақытта командаларды ресми түрде таныстыру рәсімі өтеді. Яғни, сол күні тур қатысушылары таныстырылып, ашық жаттығу өтеді. Мұның өзі біз үшін жаңашылдық болып отыр. Негізінде "Алматы туры" 28 қыркүйекте басталып кетеді. 28 қыркүйекте біз барлық уақытымызды жанкүйерлерге, велоспортсүйер қауымға және қаламыздың белсенді тұрғындары мен қонақтарына арнаймыз. Түрлі байқаулар өткізіліп, келушілер "Астана" командасындағы сүйікті велошабандоздарымен суретке түсе алады. Меніңше, іс-шараға көп адам келеді. Мен "Алматы туры" шарасын өткізуге қолдау білдірген қала басшылығына алғыс айтамын. Сондай-ақ, мен "Тур Алматы" жобасының қазіргі уақытта UCI әлем жарыстары рейтінгінде өзіне лайықты орын алды деп ойлаймын.
- Автокөлік жүргізушілеріне маңызды мәселе. Жарыс өткізу кезінде Алматы автокөлік қозғалысы қалай тоқтатылады?
- Меніңше, қала аумағында кәсіпқой веложарысты ұйымдастыруда жол қозғалысын реттеу мәселесі қаншалықты қиын екенін барлығы түсінеді. Бірінші кезекте, жолдарды жабу мәселесі. Мұнда жүргізушілердің ұсыныстарын ескеру керек. Алдыңғы жылдары тур алдында дайындық шараларын өткізу үшін бастапқы және соңғы сызықтар орналасқан әл-Фараби даңғылын келесі күнге дейін сағат кешкі беске дейін жабуға тура келді! Сіздер әл-Фараби даңғылының магистраль жол екенін білесіздер. Сол күні даңғылды жауып тастауымыздың салдарынан бүкіл қала бойынша қозғалыс тоқтап қалды. Ал биыл жарыстың сөре мен мәресі қаланың түрлі аумақтарында болады.
Осылайша, турдың алғашқы күні "Астана" алаңында басталып, "Алматы Аренада" спортшылар мәреге жеткенде аяқталады. Артынша жолдарды бірден ашамыз. Бұл өте қолайлы және барлығына тиімді болатын механизм. Бірақ бір кемшілігі спортшылар үш рет мына жолдармен 9 шақырым жер жүріп өтуі тиіс - Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов, Абай даңғылы және Желтоқсан көшелерін. Кәсіпқой велошабандоздардың жылдамдығын ескере отырсақ, 27 шақырым жолға 30-40 минут кетеді. Кейіннен жолдар қалпына келтіріп, қаладағы көліктердің қозғалысы еш тоқтамайды. Алматы сияқты үлкен қалада барлық техникалық ньюанстарды ескеріп, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау керек. Мұнда, әрине, қалалық биліктегілердің көмегі маңызды. Меніңше, біз қала құрылымдағыларымен біріге отырып барлығын сауатты әрі нақты ойластыруымыз керек.
- Бір жағынан қарағанда, жарыстың мәресі мен сөресі өткен жылдардағыдай бір жерде, бұл жанкүйерлерге ыңғайлы. Ал енді оларға Медеудегі мәрені тамашалауға ыңғайлы бола ма, бұл күні ол жаққа өз көлігіңмен болса да, қоғамдық көлікпен болса да бару қиынға соғатын шығар?
- "Алматы туры-2017" қатысушыларын түрлі ландшафтты жер бетінде сынайтынын айта кету керек. Веложарыстың екінші кезеңі алматылық таулардың территориясына аяқ басады - таулы жерде мүмкіндігі ашыла түсетіндер өздерін барынша көрсетіп қалады деп сенемін. "Алматы турының" екінші кезеңінің мәресі мен қорытынды бөлігі Медеуде - Алматының символында өтеді. Жанкүйерлерге ол жаққа бару қиынға соғатынын түсінеміз. Осыған байланысты қалада екі орынды белгілейміз, ол жақтан қалаған адамдарды Медеуге жеткізетін көлік ұйымдастырылады.
- "Алматы турын" ұйымдастыруға халықаралық деңгейдегі веложарыстарды ұйымдастыруда тәжірибелі шетелдік мамандар тартылып отыр. Олар өздері қазақстандық жобаға қандай баға беріп отыр?
- "Алматы туры-2017" жарысының жаңа техникалық делегаты пайда болғанын айтқым келген еді - Пьер Хатсебаут. Ол канадалық маман, көптеген жылдар бойы UCI-де жұмыс істеп келеді. Пьер - өте тәжірибелі адам, ол білімін береді, ненің маңызды екенін анықтап көрсетеді және бізді жаңа бағытқа қояды. Хатсебаут "Алматы турын" мұның алдында-ақ зерттеген, ол біздің веложарысымыздың деңгейіне таңғалды. Оның айтуынша, Орталық Азияда мұндай спорт жобасына тең келер баламасы жоқ.
- Биыл "Алматы туры" қай телеарналардан көрсетіледі?
- "Евроспорт" телеарнасы "Алматы турының" бір бөлігін дәстүрлі түрде тікелей эфирде көрсетеді. Жарыс енді көпкүндік болғандықтан, трансляция жоспары өзгерді, эфир уақыты көбейді. Оған тікелей эфирдің бір жарым сағаты мен бірінші кезеңнің ең әсерлі сәттерінен жинақ кіреді, сонымен қатар жарыс қарсаңындағы командалардың таныстырылымы енеді. Дәстүрлі түрде веложарыстың қорытынды бөлігі тікелей эфирде көрсетіледі және биыл кадрлар көзқуантарлықтай болады - жоспар бойынша эфирде велошабандоздардың Медеуге шыққан сәті көрсетіледі.
Еске салайық, "Алматы туры" веложарысы 2013 жылдан бері өтіп келеді. Биыл мерейтойлық бесінші тур 30 қыркүйекте ҚБТУ маңынан бастау алады, ал велошабандоздар AlmatyArena-да мәреге жетеді. Жарыс екінші, қорытынды күні, 1 қарашада HalykArena мұз аренасында басталады да, "Алматы туры" Медеу мұз айдынында аяқталады.