Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов мәртебесі бәрінен жоғары "Тур де Франс" көпкүндігіндегі "Астана" велолубының жарқын жеңістері туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов мәртебесі бәрінен жоғары "Тур де Франс" көпкүндігіндегі "Астана" велолубының жарқын жеңістері туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бірінші кезекте айта кетейік, "Тур де Франс" көпкүндігі ертең аяқталады. Бүгінгі 20-кезеңдік жарыс қана жалпы есептегі көпкүндік қорытындысына қандай да бір өзгеріс енгізе алады. Ал ертеңгі соңғы, 21-кезеңдік жарыс жай ғана "достық шеру" болып саналады.
Бүгінгі, велоспортшылар жарыс жолына жеке-жеке шығатын 20-кезеңдік бәйгеде бірнеше велоспортшы қорытынды есепте жеңіс тұғырына көтерілу үшін, екінші және үшінші орындарға таласады.
Ал бірінші орынға жайғасып, өзгелерден қара үзіп кеткен "Астана" велоклубының серкесі Винченцо Нибалиді енді... ешқандай да көлденең қырсық болмаса, ешқайсысы да қуып жете алмайды. Өйткені В.Нибали жалпы есепте екінші орынға орналасқан бәсекелесінен жеті минут 10 секунд озып кеткен.
Сондай-ақ Винченцо Нибали биылғы "Тур де Франс" көпкүндігіндегі төрт кезеңдік жарыста топ жарды. Біле білсек, 1974 жылдан бері бірде-бір велоспортшы "Тур де Франс" көпкүндігінің төрт кезеңінде (жеке жарысты қоспағанда) жеңімпаз атанбаған екен. Соңғы рет, 1974 жылы Бельгия велоспортшысы Эдди Меркс қана төрт кезеңдік жарыста көмбеге бірінші болып жеткен.
Естеріңізге сала кетейік, Винченцо Нибали биылғы "Тур де Франс" көпкүндігінің 2-ші, 10-шы, 13-ші және 18-ші кезеңдік бәйгелерінде жеңімпаз атанды. Әсіресе, 6 шілде күні екінші кезеңдік жарыста топ жаруының маңызы зор болды. Астана күні ол мәре сызығын бірінші болып қиып, еліміз елорда күнін тойлап жатқанда, осы үлкен мерекеге тамаша сый жасады.
Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Қайрат Келімбетов бұл жеңістердің бәрінің де кездейсоқ жетістік емес екендігін айрықша атап өтті.
– "Астана" велоклубы биылғы "Тур де Франс" көпкүндігіндегінде жарқын жеңістерімен қазақстандықтарды қуанышқа бөлеп отыр. Винченцо Нибали жалпы есепте көш бастап қана қоймай, төрт кезеңдік бәйгеде топ жарып, биылғы велододада айқын басымдық танытуда.
Бәлкім, базбіреулер Крис Фрум, Альберто Контадор сынды төрткүл дүниенің ең үздік тарланбоздары жарыс жолынан шығып қалып, Нибалиге оңай болды дейтін шығар. Бірақ бұл – "Тур де Франс". Бұл көпкүндікке көптеген спортшылар тек жеңіске жету үшін келеді. Бұл – спорт. Ал спортта нағыз бабына келген спортшы ғана жеңіске жетеді. Дайындығы бәрінен жоғары болған спортшы озады.
Біз осы жетістіктерге жету үшін біраз уақыт жан-жақты дайындалып, қаншама еңбек еттік? Жеңіс оңкайшылықпен келмейді. Әсіресе, "Тур де Франс" көпкүндігі сияқты мәртебесі жоғары аламанда!
Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылы әлемдеі ең үздік велоспортшылардың бірі Альберто Контадор біздің "Астана" велоклубының сапынан кетіп, басқа командаға ауысып кетті. Ал 2012 жылдың аяғына қарай Александр Винокуров спорттық карьерасын тамамдады. Сол кезде біз команданы алға сүйреп, жаңа жеңістерге жетелейтін саңлақ іздедік. Көп, таңдап, ұзақ саралап, Италия велоспортшысы Винченцо Нибалиге тоқталдық.
Былтыр оны мейілінше шыңдадық. Жоспарлы түрде әрекет еттік. Былтырғы мақсатымыз "Вуэльта" және "Джиро" көпкүндіктерінде жоғары нәтиже көрсету болды. Ол мұратымызға жетіп, Винченцо Нибали "Джиро д'Италия" көпкүндігінің жеңімпазы атанды. Ал биыл "Тур де Франс" көпкүндігінде жеңіске жетуді мақсат тұтып, бар күш-жігерімізді осыған салдық.
Ең бастысы, біздің сеніміміз ақталды. "Тур де Франс" көпкүндігіндегі ерен жетістіктеріміз осыдан екі жыл бұрынғы таңдауымыздың дұрыс болғандығын көрсетеді деп есептеймін. Винченцо Нибали өзіне артылған үмітті ақтап, сенім үдесінен шыға білді. Бұл ретте команда сапындағы басқа да жігіттердің еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Олардың бәрі команданың мүддесі үшін жұдырықтай жұмылып, тізе қоса тер төкті.
Сондай-ақ команда басшыларының, бапкерлерінің , басқа да қызметкерлерінің бұл жеңіске қосқан үлестері телегей-теңіз екендігін айрықша атап өткім келеді.
"Астана" велоклубы ел спортының мақтанышы екендігін тағы да дәлелдей алды. Жас мемлекетіміздің, күн сайын көркейіп келе жатқан астанамыздың беделін өсіріп, абыройын асқақтата түсті. "Астананың" жарқын жеңістерімен бәріңізді де құттықтаймын!
Бұл жеңістерімізге жақында ғана қазақ топырағында өткен Азия чемпионатында Қазақстан велоспортшыларының айрықша көзге түскендігін қосқым келеді. Тас жолдардағы бәйгелерде Қазақстан велоспортшылары бәйгенің алдын бермеді. Қорытынды есепте теңдессіз шықты.