Велоспорттан елордадағы "Сарыарқа" велотрегінде өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына әзірше екі алтын, бір күміс, бір қола түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Велоспорттан елордадағы "Сарыарқа" велотрегінде өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына әзірше екі алтын, бір күміс, бір қола түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Біздің велотрекшілер үшін құрлық біріншілігінің екінші күні олжалы болды. Азия чемпионатының бірінші күні жеті медаль жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан велотрекшілері бір қола жүлдемен ғана шектелген болатын. Атап айтқанда, бойжеткендер арасындағы (жасөспірімдер санатындағы) скретч бәйгесінде Светлана Рябова үшінші орынға ие болған еді.
Абырой болғанда, екінші күні жеткіншектеріміз ерекше қуантты. Әуелі бойжеткендер арасындағы 2000 метрлік ізге түсу жарысының жекелей сынында Екатерина Юрайтис Азия чемпионы атанды.
Ол осы қашықтықты 1:16.089 уақыт ішінде жүйткіп өтіп, Азия рекордын да жаңартты. Бұған дейігі Азия рекордшысы, жапон қызы Сузуки Нао да "Сарыарқа" велотрегінде бәйгеге түскен болатын. Бірақ ол екінші орынмен шектеліп, біздің Екатеринаға жете алмады.
Бозбалалар арасындағы тура осы бәйгеде, бірақ 3000 метрлік қашықтықта (яғни жекелей сындағы ізге түсу жарысында) Роман Василенков та бірінші орынға ие болып, Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ, ерлер арасындағы 25 шақырымдық мэдисон бәйгесінде Қазақстан құрамасына күміс медаль бұйырды. Никита Панасенко және Павел Гацкий жұбы Гонконг құрамасының жігітерін ғана алға жіберіп, екінші орынға ие болды.
Өкінішке қарай, ерлер арасындағы ұпай жинап, сынға түсу бәйгесінде Павел Гацкий жүлделі орындарға сынық сүйем жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, Азия чемпионаты ересектер және жасөспірімдер арасында қатар өтуде. Тректегі жарыстар 26 мамырға дейін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Ал тас жолдағы велобәйгелер 27 мамырдан бастап Қарағандыда ұйымдастырылады.