31 наурыз 2022 16:12

"Емізуден сөйлесуге дейін". Баланың кеш дамуының негізгі себептері айтылды

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көрнекі сурет: elements.envato.com Көрнекі сурет: elements.envato.com

Балаларда кездесетін проблеманың бірі - дамуының тежелуі. Бала неге кеш дамиды? Оған қандай факторлар әсер етеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне психолог Іңкәр Әлиева түсіндіріп берді.


Балаларда кездесетін проблеманың бірі - дамуының тежелуі. Бала неге кеш дамиды? Оған қандай факторлар әсер етеді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне психолог Іңкәр Әлиева түсіндіріп берді.

Сәби дүниеге келгеннен кейінгі кезең

Көрнекі сурет: elements.envato.com

Психолог Іңкәр Әлиеваның айтуынша, бұл мәселе баланың туған сәтінен бастап ата-анасымен қарым-қатынасына байланысты болуы мүмкін.

Бала дүниеге келгеннен кейін оған ең жақын адам анасы болатыны түсінікті. Нәресте қоршаған ортаға анасы арқылы бейімделеді. Бала қалыпты дамып, ағзалары дұрыс жетілуі үшін анасы оны тамақтандырып, күтім жасауда бірнеше ережені сақтауы тиіс. Әдетте бала 6 айға дейін ана сүтін емеді. 

"Бәрі баланы емізген сәттегі анасының көңіл күйіне байланысты болады. Үш жастан кейін баланың өзіндік жеке даму кезеңі басталады. Осы өсу-даму кезеңінде отбасындағы жағдай да тікелей әсер етеді. Қарапайым түрде айтсақ, баланы дәретке отырғызуды қалай үйретесіз немесе сол кезде қалай сөйлесесіз, соған да байланысты болады. Бәрі қарапайым дүниеден басталады", - деді маман.

Ана мен бала қарым-қатынасы

Көрнекі сурет: elana.kz 

Психолог босана сала жұмысқа шығып кететін аналар көп екенін айтты. Сондықтан бала қараусыз болып, өз-өзімен қалады.

Ана босанғаннан кейінгі депрессияға түсіп, отбасындағы жағдай нашарласа, бұл баланың жетілуіне жағымсыз әсер етеді. Керісінше, бала туғаннан бастап оған өздігінен сезіну, көру, тыңдау, қозғалу мүмкіндігін беру қажет. Ата-ана сәбимен сөйлесіп, түрлі ойыншық, жайлы әуен сияқты құралдарды қолдана алады. Бұл орайда дауыстап кітап оқып беру оның тыңдау, қабылдау қабілетін кішкентай кезінен бастап қалыптастыруға жол ашады. 

Маманның айтуынша, тұқым қуалайтын қандай да бір ауруларды есепке алмағанда, баланың кеш дамуына әсер ететін негізгі фактор - ананың балаға қарым-қатынасы, оған дұрыс көңіл бөлу.

"Кей сәтте ата-ананың өзі депрессияда, қиналып жүруі мүмкін. Бұл да балаға әсер етеді. Ана баласын қаншалық жақсы көріп тұрғанымен, жеке басындағы проблемалар, жұбайымен арақатынасы, күйбең тіршілік салдарынан балаға дұрыс қарай алмай жатады", - деді ол.

Ата-ананың балаға орынсыз айғайлауы, ақырын түсіндіруге болатын мәселені дауыс көтеріп шешуі, кез келген жағдайда күйгелектік танытуы баланың дұрыс дамымай қалуына себеп болады.

"Өмірде түрлі жағдай болады. Жақында өзім дәмханада мынадай көрініске куә болдым: үш баласын ерткен ана келді. Кейін шамамен 3-4 жасар қызы бір нәрсе бүлдіріп қойса керек, басынан қатты ұрып, балағаттады. Бала жыламады, ешқандай реакция білдірмеді. Іштей психологиялық жарақат алғаны түсінікті болды", - дейді маман. 

Сонымен қатар, ол бұл жағдайдың алдын алмау - бала болашағына да кері әсер ететінін айтты.

"Дер кезінде алдын алмаса, есейгенде бұл баланың бойында қалып қояды. Бала болашақта өз пікірін айта алмайды, өз ұстанымында нық тұра алмайды. Басқалардан қолдау күтіп, жасқаншақ болып қалыптасады. Ата-анасы ішкіш не ажырасқан отбасында тәрбиеленген бала да тұйықталып кетеді. Тұлға ретінде дұрыс қалыптаса алмайды", - деді ол.

Баланың кеш дамуының себептері қандай?

Психологтың айтуынша, гаджеттерді қолдану арқылы баланың дүниені тануы, көңіл күйін білдіруі өзгереді, яғни іштей тұйықтала береді. Әдетте виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арақатынасын білмей жатады. 

"Ата-ананың уақыты жоқ болса, баланың қолына телефон ұстата салады. Сөйтіп, бала эмоциясын дұрыс көрсете алмайды. Адам өміріне қажет негізгі дағдыларды үйренбей, телефон қарап отыра береді. Ата-ана бастысы бала тыныш отырса болды деген оймен жүреді. Бұл дұрыс емес. Қарым-қатынас жетіспейді. Осылайша, балада сөйлем құрай алу, сөйлеу алу қабілеті қалыптаспайды. Бала емес, ересек адамның да миы да кез келген нәрсені қабылдап алып, соған үйреніп қалады. Балада да солай. Телефондағы әлемге үйреніп қалса, сонымен ғана шектеліп, дүниетанымы тарылады", - деді психолог.

Маман бұл мәселенің алдын алуда көмектесетін қарапайым кеңестер берді:

  • Баламен кез келген тақырыпта ашық сөйлесу;
  • Табиғатта серуендету;
  • Жасына қарамастан, кез келген нәрсені түсіндіру;
  • Ой еңбегімен қатар, дене еңбегін дамыту;
  • Қол моторикасын дамыту, жаяу жүру, осылайша табандағы нүктелерді қозғау;
  • Баланың қиялын дамыту; ермексаз, қалам, сурет салу секілді дамытатын оқу құралдарын қолдану;
  • Балаға шексіз махаббат таныту; ата-ана баланың кез келген үнін, жағдайын аңғара білуі керек;
  • Ата-ана баланың көзінше сөйлегеніне, әрекеттеріне мұқият болуы қажет; балада "ата-анама керек емеспін" деген ой туындамауы қажет;
  • 2 жастан бастап айналасымен қарым-қатынас орнатып үйрету қажет;
  • Балабақшадан келгеннен кейін уақыт бөлу, "қандай қызық оқиға болды", "не үйрендің" деген нәрселерді сұрау керек;
  • Ата-ана - балаға үлгі. Бала - ата-ананың көшірмесі. Сондықтан ата-ананың өзі де психологқа жүгініп, өздерімен жұмыс жасауы керек;
  • Телефонды қолдануын шектеп, белгілі бір уақыт аралығына ғана беру.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети