Алматыдағы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында ботқадан құрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыдағы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында ботқадан құрт шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға жеті айлық Ақмарал Жүнісованың анасымен болды. 24 шілдеде оның баласы ауырып, әйел жедел жәрдем шақыртқан. "Бізді Алматының балалар жұқпалы аурулары ауруханасына алып барды. 24 шілде күні таңғы сағат 06.05-те қабылдандық. Балаға тиісті көмек көрсетіліп, ол жазыла бастады. Келесі күні кешкі асқа ботқа берілді. Мен оның ішінен құрт тауып алдым. Тәрелкені медбикеге көрсеттім, ол аспаздарға жүгіріп кетті, ал олар қойма меңгерушісіне сілтеді", - деп жазды өз парақшасында Жүнісова.
Оның айтуынша, қойма меңгерушісі мен бас дәрігер ол күні жұмыста болмаған, сондықтан олардың басшылықты келесі күнге дейін күтулеріне тура келді. Бұл оқиғаға қатысты мекемедегілер жағдайдың реттелгенін айтты. Кейін Жүнісова Tengrinews.kz тілшісіне Желі арқылы байланысқа шығып, аурухана қызметкерлерінің онымен хабарласқанын мәлімдеді. "Олар шара қолданып, қателіктерді жойды. Жауапты адамдарды жұмыстан босатты", - деп жазды зардап шегуші.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас оқиға Павлодарда болған еді. Құрты бар ботқа 2013 жылдың күзінде өңірде дау-дамай туғызған болатын. Сол кезде асхананы жалға алушы мұны мектеп директорының арандатушылық әрекеті деп мәлімдеген еді. Жауапкердің айтуынша, директор ботқаға құрттарды қасақана салып жіберген. №24 мектептің директоры Нұргүл Рахымғожина сотқа ар-намысын, іскерлік беделін қорғау және мектеп асханасын жалға алушы Флюра Магзюмовадан моральдық шығын өндіру жөнінде шағым түсірген.
Павлодарлық санитар-эпидемиологтер сол кезде оқушылар ботқасында құрттардың қайдан пайда болғаны анықталмай жатқанын хабарлады. Мектеп асханасындағы тағамдардан алынған сынамаларды тексерудің нәтижесінде өнімдер құрамында жәндіктердің бары расталмады. Кейін кәсіпкердің ресми өкілі Артем Плотников биологиялық сараптаманың қорытындысын жария етіп, ботқа құрамындағы құрттардың жылумен өңделмегенін, яғни олардың дайын өнімге сырттан салынуы мүмкін екендігін айтқан еді.