Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста зардап шеккен балалардың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста зардап шеккен балалардың жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"15 пациент жан сақтау бөлімінде жатыр. Тоғызының жағдайы - ауыр, екеуі бала. Осыған байланысты кеше ол жаққа азаматтық авиация желісі арқылы Алматының республикалық орталықтарынан бірнеше маманды жібердік, ішінде балалар нейрохирургі де бар. Сол мамандар балаға ота жасады", - деді Біртанов үкімет отырысынан кейінгі кулуарда.
Министрдің айтуынша, барлық науқас бақылауда, қажетті көмектің бәрін алып жатыр.
"Бес бала жарақаттармен Шымкенттегі қалалық ауруханада жатыр, тағы бірнеше бала инфекциялық ауруханада. Себебі біз оларды Арыстан алып бара жатқанымызда жарақаттарына байланысы жоқ инфекциялар пайда болды. Жарақаттар әртүрлі, көбіне бас сүйек-ми зақымы", - деді министр.
Бұған дейін Біртанов осы төтенше жағдайдан кейін медициналық көмекке жүгінген адамдар саны 165-ке жеткенін хабарлаған еді: олардың 76-сы медициналық жәрдемнен соң амбулаторлық емделуге жіберілсе, 89 пациент стационарлық емделуге жатқызылған.
Ауруханаға жатқызылған пациенттердің 18-і бала, 13-і аяғы ауыр әйел және 5-і жаңа босанған әйел.
Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған болатын. Жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапқан: бір әскери қызметкер мен бір қала тұрғыны.
Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде "Қауырт желісі" жұмыс істейді - тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72.