Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) цифрлық таңбалау енгізілмек. Мұндай өнімдердің жылына қаншасы сатылатыны, олардың қалай тексерілетіні және қосымша бақылаудың не үшін қажет екені туралы - TengriHealth материалынан оқыңыз.
Мән-жайы
"Ашық НҚА" сайтында Сауда және интеграция министрінің "Таңбалануға жататын тауарлар тізбесін және оны енгізу күнін айқындау туралы" бұйрық жобасы жарияланды.
Құжатта БАД-тарды міндетті цифрлық таңбалауды 2026 жылдың қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланғаны айтылған.
Бұл шара мынадай нәтиже береді деп күтіледі:
- БАД-тардың заңсыз айналымы мен контрафактілік өнімдер көлемін азайту;
- салықтың жиналуын арттыру;
- нарықта тең бәсекелестік жағдайын жасау.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Садыбаева 2025 жылы Қазақстанда БАД-тарды таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталғанын айтты.
"Жобаға 15 импорттаушы, өндіруші және биологиялық белсенді қоспалардың дистрибьюторлары қатысып, кәсіпорындарда БАД-тарды таңбалау механизмі пысықталды. Қазіргі уақытта комитет осы процедураға қатысты барлық мәселені реттейтін ережелерді әзірлеп жатыр", - деді Садыбаева.
Ол таңбалау мұндай препараттардың өндірілуі мен өткізілуінің бүкіл циклін қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Тұтынушылар да арнайы қосымша арқылы бұл ақпаратты тексере алады.
Қазақстанда қанша БАД-тар сатылады?
Әйгерім Садыбаева биологиялық белсенді қоспалардың сатылымы бойынша статистиканы келтірді.
"Қазақстанда жыл сайын мұндай препараттардың шамамен 50-60 миллион қаптамасы сатылады. Ең танымал өндірушілер - Ресей, АҚШ, Еуропа елдері және басқалар".
Мамандар БАД-тар сапасы мен сату ережелерін бақылау үшін бақылау мақсатында сатып алу жүргізіп, жарнамаға мониторинг жасайды.
"2025 жылы комитет БАД-тардың 400-ге жуық үлгісін зерттеді, оның 18,8 пайызы белгіленген стандарттарға, соның ішінде таңбалау бойынша сәйкес келмеді", - деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен қатар, комитет қызметкерлері түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде биологиялық белсенді қоспалардың жарнамалануына қатысты 5,5 мыңға жуық деректі тексеріп, 1000-ға жуық заңбұзушылықты анықтаған.
Садыбаева нарықта сатылатын барлық БАД-тардың мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі болуы тиіс екенін, ол препараттардың қауіпсіздігін растайтынын атап өтті.
Бұған дейін танымал БАД-тар мен арықтауға арналған тағамдық қоспалардың көмегі бар-жоғын талдаған болатынбыз.