Израиль ғалымдары жүректі емдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты, - деп хабарлайды 24.kz.
Израиль ғалымдары жүректі емдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты, - деп хабарлайды 24.kz.
Телеарнаның мәліметінше, шетелдік ғалымдар жүрекке арналған бионикалық жамау жасап шығарған. Жаңа құрылғы тірі ұлпа мен наноэлектрониканы біріктіріп, дәрігерлерге жүректің қызметін сырттай қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
"Тель-Авивтегі зертханада ғалымдар жүрекке арналған бионикалық жамау ойлап тапты. Бұл материал инфаркт немесе басқа жүрек аурулары кезінде зақымданған бөліктерді алмастыру үшін қолданылады, - деп хабарлады телеарна.
Тель-Авив университетінің профессоры Таль Двирдің айтуынша, электроникамен біріктірілген ұлпаны жасау алғаш рет сәтті жүзеге асты.
"Мұны кибер-ұлпа деп те атауға болады. Ол машина мен тірі жасушаларды біріктіреді", - деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, осындай жамаулар жүректі алмастыруға балама бола алады. Олар жасанды жасушалардың жұмысына мониторинг жасап, электр жағынан ынталандырып, дәрілік заттарды жіберуге көмектеседі. Сонымен қатар, жамау науқастың жағдайы нашарлағанын дәрігерге дер кезінде хабарлай қояды.
"Дәрігер науқастың жүрек жағдайын өз компьютері арқылы бақылай алады. Бұл адам сенгісіз мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда тіпті дәрігердің де қажеті шамалы, себебі жамау істің бәрін өзі тындырады", - деді Таль Двир.
Айта кетейік, бионикалық жамауды әзірше коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды. Бұл жаңашылдық қазір жануарларға қолданылып, сынақтан өтіп жатыр. Нәтижесі жақында белгілі болады. Сынақ сәтті болса, адамдарға қолданыла бастайды. Содан кейін ғана жаппай сатылымға шығарылуы мүмкін.