Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы ауру-сырқаудың алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтіп, салауатты ұлт қалыптастыру ісінде халықтың ерекше рөл атқаратынын айтты.
"Азаматтарымызды өздерінің денсаулықтарын нығайтуға тартуымыз қажет. Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді. Қалғанының бәрі тек өзіне байланысты болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мәселесіне тоқталып, қазақстандықтардың өмір сүруінің орташа ұзақтығын 80 жасқа дейін көтеру жөніндегі міндеттің өзектілігіне назар аударды.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстан Президентіне тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.
"Барлық көрсеткіш бойынша ахуал тұрақты. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы көтерілуде. Ана өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. Бала өлімінің көрсеткіші де қатарынан бірнеше жыл бойы төмендеуде", - деді Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау министрі халықтың денсаулығын жақсарту бойынша министрліктің қабылдап жатқан шаралары жөнінде айтып, ауру-сырқау белгілерін бастапқы сатыда анықтаудың маңызды екенін атап өтті.
"Қазақстанда 2012 жылдан бастап тегін дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның тиімділігі өте жоғары. Бағдарлама аясында 2,5 миллионға жуық адам аурудың 50 түрі бойынша, соның ішінде күретамыр гипертониясы, қант диабеті және онкологиялық аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізіп отыр", - деді Біртанов.
Сондай-ақ, Елжан Біртанов Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілетін алғашқы медициналық қызметтердің сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу жөнінде қабылданып жатқан шаралардың нәтижелері туралы баяндады.