Көпшілік пайдаланатын микрофондар жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары айтты.
Көпшілік пайдаланатын микрофондар жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары айтты.
Мамандардың мәліметінше, микрофондар, телефон тұтқасы мен компьютер клавиатурасы сияқты көпшілік тұтынатын құрал-жабдықтар жұқпалы ауруларды тарата алады. "Оқулықтағы мәліметтерге сәйкес, патогенді микробтар телефон тұтқаларынан, компьютер клавиатурасынан және микрофондардан табылады. Осыған байланысты микрофондарда ауа-тамшы жолымен (тұмау, парагрипп, аденовирусты инфекция, қызылша, эпидемиялық паротит, туберкулез және тағы басқа) немесе тері аурулары арқылы таралатын қоздырушы инфекциялар (дерматомикоз, қышыма, стрептодермия) табылса, онда жұқпалы аурулар шығуы мүмкін", - делінген мамандардың жауабында.
Айта кетейік, микрофонды өнер адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көп пайдаланады. Әсіресе, ол - тележурналистердің кәсіби құралы. Телеарна қызметкерлерінің микрофондары халықтың кез келген әлеуметтік тобының өкілдеріне ұсынылады, микрофондар түрлі науқас адамдардың сұхбатын жазып алуға да қолданылатынын айта кету керек.
Микрофонды қызметінде көп пайдаланатын тележурналистердің бірі Мейіржан Әлібекұлы Tengrinews.kz тілшісіне егер санитар-эпидемиолог дәрiгерлер микрофонның адам денсаулығына қауіпті екенiн анықтаса, телеарна мен радио басшылары тарапынан қауiпсiздiк шаралары қолға алынуы қажет екенін айтты. "Шынында да, мен жақында шетелдiк бiр басылымнан микрофонның сабын әркiмнiң бiр ұстауынан жұқпалы аурулар тарайды дегендi көзiм шалып қалды. Егер бұл анық болса, онда журналистер мен таспагерлердiң денсаулығы үшiн қауiпсiздiк шаралары ескерiлуi керек. Жеке басым кәдімгі микрофон ұстағаннан гөрi кеудеге ілінетін ілмек-микрофонды таққанды жөн санаймын. Бiрақ осы жерде тазалықтан бөлек, тағы бiр мәселенiң басы қылтияды. Осы күндерi сымы шұбатылған микрофондар қолданыстан шығып, радио-микрофон, радио-петличка деген шығып жатыр. Олардың да адам ағзасына радиациялық зиянды сәуле шашатын қаупi бар екенi айтыла бастады", - дейді журналист. Тележүргізуші осы айтылған мәселелер БАҚ басшыларын, әсiресе техникаға жауапты басшыларды ойландыруы тиiс екенін айтты.
Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева қауіпсіздік пен сақтықты ескерумен бірге, көпшілік пайдаланатын микрофондарға қатысты байбалам салудың да қажеті жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай тұжырымдар адамды жиіркеншектікке итермелейді. "Микрофон ұстайтын әншілер өз денсаулығын қадағалайды және мен онда аса қауіпті жұқпалы аурулар болады деп күдіктенбеймін. Біз әншілер ауылдық жерлерге де, той-томалаққа да барамыз, әртүрлі адамдармен, тұрмысы төмен де, жоғары да адамдармен араласамыз, дастарқандас боламыз, кесе-қасық ауысады. Ол жақтағы ыдыстың бәрі зарарсыздандырылған деп ойламаймын. Адам тазалықты сақтап жүрсе болғаны. Сондықтан ешқашан жиіркеншек болмау керек", - деді Түсіпбаева.