Оңтүстік Кореяда қазақстандық қыз балаға операция жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оңтүстік Кореяда қазақстандық қыз балаға операция жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Риддер қаласында тұратын 12 жастағы Ақерке Нұрсұлтановаға Кореяның "Каннам Северанс" клиникасында күрделі операция жасауға қолдау көрсетті. Ақеркеге "жауырынның кеуде-арқа тұсындағы үшінші дәрежелі сколиозы" деген диагноз қойылған. 25 сәуір күні операция сәтті өтті.
"Кореялық дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз. Сонымен бірге, осы елдің білікті дәрігерлерімен байланыс орнатып, қызымның ауыр дерттен аман қалуына қол ұшын созған облыс басшылығына ерекше рахметімді айтамын", - дейді Ақеркенің анасы Альмира Нұрсұлтанова.
Операция 2013 жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның "Каннам Северанс" клиникасы арасында қол қойылған халықаралық әріптестік жөніндегі меморандум аясында жасалып отыр. "Қазір науқастың денсаулығы қалыпқа түсіп келеді. Енді оның есен-сау оралуын күтеміз. Одан соң Ақеркеге біздің дәрігерлер динамикалық емдеу-көмегін көрсететін болады. Қызының отадан жақсы өткеніне қуанышты әкесі бізге арнайы келіп, алғысын айтып кетті. Ал анасы Альмира Нұрсұлтанова болса, қазір Ақеркемен бірге Оңтүстік Кореяда", - дейді Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников.
Вадим Овсянников аталған меморандум аясында бұған дейін шығысқазақстандық бір баланың ем алғанын айтып, енді әр жыл сайын облыстың туа біткен патологиясы бар балалары Оңтүстік Кореяда емделетінін жеткізді. Оның айтуынша, осы елде қазір жүрек ентікпесі бар тағы бір қазақстандық баланың бассүйегіне ота жасалғалы жатыр.