Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 135 мыңға жуық адам қайтыс болды. Өлім-жітімнің басты себептері - қан айналымы жүйесінің аурулары мен ісік. TengriHealth тілшісі кейінгі бес жылда жағдай қалай өзгергенін зерттеп көрді.
Антирейтингтегі ТОП
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері біздің сауалға берген жауапта еліміздегі өлім-жітімнің ең көп таралған себептері туралы айтып берді.
Қазақстандықтар көбіне қан айналымы жүйесі ауруларынан көз жұматыны белгілі болды. Былтыр мұндай 30 348 жағдай (22,5 пайыз) тіркелген. Бұл санатқа ишемия, жедел ревматикалық қызба және цереброваскулярлық аурулар жатады.
Екінші орында - жүйке жүйесі аурулары. 2025 жылы бұл дерттен 24 мыңға жуық адам (17,8 пайыз) қайтыс болған. Бұл санатқа балалардағы қатерсіз бассүйек ішіндегі гипертензия, вегетативті жүйке жүйесінің бұзылуы мен цереброваскулярлық аурулар кіреді.
Алғашқы үштікті ісік түйіндейді. 2025 жылы осы диагнозбен 14 078 қазақстандық (10,4 пайыз) көз жұмған.
Сондай-ақ Қазақстандағы өлім-жітімнің жиі кездесетін себептеріне мыналар жатады:
- тыныс алу мүшелері аурулары - 13 745 адам (10,2 пайыз);
- ас қорыту мүшелері аурулары - 10 880 адам (8,1 пайыз);
- жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен улану - 9 700 адам (7,2 пайыз);
- эндокриндік аурулар, тамақтанудың және зат алмасудың бұзылуы - 5 638 адам (4,2 пайыз);
- несеп-жыныс жүйесі аурулары - 4 827 адам (3,6 пайыз);
- сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тіні аурулары - 1 232 адам (0,9 пайыз);
- инфекциялық және паразиттік аурулар - 1 049 адам (0,8 пайыз);
Кейінгі бес жылда Қазақстандағы өлім-жітім құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ, бірақ жекелеген санаттарда өзгеріс байқалады.
"Ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 2025 жылы үшінші орынға шықты, ал 2019 жылы ол төртінші сатыда болатын", - делінген хабарламада.
Тыныс алу мүшелері аурулары 2019 жылғы үшінші орыннан 2025 жылы төртінші орынға түсті. Ас қорыту мүшелері ауруларынан болатын өлім-жітім алтыншы орыннан бесінші орынға көтерілді. Ал жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланудан болатын өлім көрсеткіші сәл төмендеп, 2019 жылғы бесінші орыннан 2025 жылы алтыншы орынға түсті.
Өңірлік және жас ерекшеліктері
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өңірлер бойынша өлім-жітім себептерінде айтарлықтай айырмашылық бар.
Мәселен, Ақмола облысында қан айналымы жүйесі ауруларының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 302,8 болса, Маңғыстау облысында небәрі 96,9-ды құрайды. Айырмашылық үш еседен асады.
"Солтүстік Қазақстан облысында тыныс алу мүшелері ауруларынан 100 мың адамға шаққанда 155,8 қайтыс болса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш небәрі 37-ге тең", - делінген хабарламада.
Айырмашылық төрт еседен асады.
Сонымен қатар, өлім-жітім құрылымы жас ерекшелігіне қарай қатты өзгереді.
Ресми мәлімет бойынша, 30 жасқа дейінгі жастар арасында өлімнің жиі кездесетін себептері мынадай болды:
- жарақаттар, жазатайым оқиғалар мен улану - 1 073 адам;
- қан айналымы жүйесі аурулары - 170 адам;
- ісік - 129 адам.
Ал еңбекке қабілетті халық арасындағы адамдар көбіне мына себептерден қайтыс болған:
- қан айналымы жүйесі аурулары - 11 082 адам,
- ісік - 5 061,
- жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен улану - 7 145.
Денсаулық сақтау министрлігі онкологияны бөлек мәселе ретінде қарастырады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, өлімге әкелетін қатерлі ісіктер көбіне соңғы сатысында анықталады. 2025 жылы ауруы алғаш рет үшінші және төртінші сатыда анықталған пациенттер арасында мыналар көш бастап тұр:
- өкпе обыры – 2 904 жағдай;
- асқазан обыры – 1 656 жағдай;
- ішек обыры – 1 566 жағдай.
Осы деректерге қарамастан, Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 75 жас 11,6 айға жетті - бұл бір жыл бұрынғыдан (75 жас 5 ай) жоғары.