Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан Республикасында балалардағы сирек ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу бойынша 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы аясында "Муковисцидоз кезінде тыныс алу жолдарын жаттықтыру және тазалау әдістері" тақырыбында тренинг өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан Республикасында балалардағы сирек ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу бойынша 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы аясында "Муковисцидоз кезінде тыныс алу жолдарын жаттықтыру және тазалау әдістері" тақырыбында тренинг өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанда ресми түрде муковисцидозға шалдыққан 105 науқас тіркелген. Муковисцидоз салдарынан тыныс алу, ас қорыту жүйесі, сонымен қатар ішкі секреция бездері зақымданады. Өкпеде жабысқақ қақырықтың жинақталуынан қайталанатын бронхит пен пневмония туғызатын қабынбалы үдеріс дамиды. Аурудың басты белгілерінің бірі - азапты жөтел туындайды. Нақ осы тыныс алу жеткіліксіздігінен муковисцидозға шалдыққан науқастардың басым бөлігі қаза болады.
Мамандардың айтуынша, муковисцидоз - дәрілік препараттар мен кинезитерапияны өмір бойына қолдануды қажет ететін ауру. Қазіргі кинезитерапия дәрі-дәрмекпен емдеу әсерін айтарлықтай арттырады, өкпедегі газ алмасуын жақсартып, физикалық жұмысқа қабілеттілігін көтереді, аурудың ағымына оң ықпал ете отырып муковисцидозға шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады.
"Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар" ҚБ қазақстандық муковисцидоз қауымдастығы, Ұлыбританияның Cystic Fibrosis Worldwide (CFW) Дүниежүзілік муковисцидоз ұйымы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен пульмонология бөлімшелерінің физиотерапия дәрігер-мамандары, ЕДТ (емдік дене тәрбиесі) мамандары, пульмонолог дәрігерлер мен мейірбикелер қатысуда.
Кинезитерапия бойынша тренингті Ұлыбританияның "Грейт Ормонд Стрит" балалар госпиталінің жетекші мамандары Аммани Прасад пен Хелен Дуглас өткізуде. Бес күнге жалғасатын тренинг барысында шетелдік мамандар муковисцидозға шалдыққан науқастарға кинезитерапияны қолдану бойынша қазақстандық дәрігерлер мен мейірбикелерге практикалық оқыту дәрісін жүргізеді.
Кинезитерапия - дене шынықтыру арқылы емдеудің бірі бағыты. Бұл терапияға дене шынықтыру жаттығуларымен қатар, массаждың барлық түрі, балалар ойындары, созылу әдістері, арнайы аппараттарда жаттығулар арқылы емдеу, тыныс алу, емдік гимнастикасы, сылап-сипау сияқты емдеу түрлері кіреді. Кинезитерапия емдеу тәсілі дәрігердің қатаң тікелей бақылауымен жүргізілуі керек.
"Тренингке қатысушы мамандар алдағы уақытта муковисцидозға шалдыққан науқас балалардың ата-аналарын осы жаттығуларға үйрете алатын болады. Осында үйренген емдеу әдіс-тәсіл түрлерін көрсете алады. Біліп үйренген кинезитерапия дағдыларын тек қана муковисцидоз кезінде ғана емес, сонымен қатар, бронх-өкпе жүйесінің басқа да аурулары кезінде қолдана алады. Бүгінде кинезитерапия муковисцидозды сәтті емдеудің ең негізгі құраушысының бірі болып табылады", дейді қазақстандық муковисцидоз қауымдастығының төрайымы Индира Ізбасарова.
Шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева кинезитерапия бойынша тренинг пульмонологиялық жағдайдың жақсартатынын және біздің еліміздегі күрделі ауруды емдеуді жақсартуда тағы да бір қадам жасауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
"Денсаулық сақтау министрлігі сирек ауруларға ерекше назар аударады. Оның ішінде гендік ауруларға жататын муковисцидоз мәселесіне көңіл бөлеміз. Гендік ауруларды анықтау, диагностикалау жылдан-жылға жақсарып келеді. Сирек ауруларына көбіне Алматы, Астана, ШҚО, ОҚО, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарында анықталуда. Өкінішке орай, муковисцидоз емделмейтін ауру. Соның себебінен, кішкентай пациенттер ересек жасқа жетпей өмірден өтеді. Сондықтан, біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз - АҚШ, Еуропа елдеріндегідей кішкентай науқас балалардың өмір сүру ұзақтығын 50 жасқа дейін жеткізу. Муковисцидоз бойынша аймақаралық орталықтар ашылады. Бүгінгі шара бұл саланың дамуына ықпал етеді деп сенемін", - деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Жанар Садуова.