№7 қалалық емхананың емдік-профилактикалық жұмыс жөніндегі дәрігері Ұлжалғас Мұхамбетова аптап ыстықта адам өзін қалай ұстау керектігі туралы Tengrinews.kz тілшісімен ойын бөлісті.
№7 қалалық емхананың емдік-профилактикалық жұмыс жөніндегі дәрігері Ұлжалғас Мұхамбетова аптап ыстықта адам өзін қалай ұстау керектігі туралы Tengrinews.kz тілшісімен ойын бөлісті.
"Күн астында жүрмеу керек. Күннің қатты қызатын кезеңі - 12-ден 17.00-ге дейін. Осы уақыт аралығында көлеңкеде болған жөн. Мүмкіндікке қарай мұндай уақытта көшеге шықпауға тырысу керек. Күн сәулесінен қорғану мақсатында жиекті қалпақ киген дұрыс, әсіресе 55 жастан жоғарыларға төбені көлегейлеу әйел-еркегіне қарамастан бірдей міндетті. Әйелдер қолшатыр ұстаса да болады, одан ұялудың қажеті жоқ, өйткені ол жаңбырда ғана емес, күн ыстықта да керекті құрал" - дейді дәрігер.
Сондай-ақ ол бұл уақытта көп қимылдамауға да кеңес береді. "Ағзаға онсыз да қиын. Егер осындай кезеңде адам бойына күш түсірсе, онда жүрекке түсетін салмақ екі-үш есеге артып кетеді" - деп атап өтті Мұхамбетова.
Оның айтуынша, 30 градустан жоғары қапырық барлық жастағыларға қауіпті. Әсіресе балалар мен қарттар мұндайда осалдау келеді. Мұхамбетова ыстықта асқынған сырқат түрлері күшейіп, қозуы ықтималдығын айтады. Бұл көлік жүргізушілері үшін де қауіпті. Өйткені температура жоғарылағанда адамның назарда ұстау қабілеті нашарлайды. Сондықтан жүргізушілер ыстықта шаршаңқы, абдыраңқы болады. Демек, олардың жылдам әрекет ету реакциясы төмендегендіктен де әртүрлі жол көлік апатының жиілеуі мүмкін.
Емхана бас дәрігерінің орынбасары аптап ыстыққа төтеп беру үшін сұйықтықты көп ішіп, жеміс-жидек жеген абзал екенін де атап өтті. Оның айтуынша, жеміс-жидек - минеральдық тұздар мен дәрумендерді басты тасымалдаушы. "Жеміс-жидекті көптеп жей беру керек, ал суды қайнатып ішкен дұрыс, бірақ ол қатты суық болмауы тиіс. Ондайда тамақ аурулары асқынып шыға келуі ықтимал. Егер минеральды су ішсеңіз газдысын қабылдамаған жөн, сол секілді спирттік ішімдіктерге жоламаған дұрыс, оның орнына тәтті шырынды пайдалану керек" - дейді дәрігер.
Сондай-ақ ол ашық түсті, синтетикалық емес, таза матадан тігілген киім киюге кеңес береді. Өйткені ауа өткізгіш мұндай киім денені демалдырып, дерматит пен бөртпелердің пайда болуына жол бермейді. Қапырық ыстықта мүмкіндігінше күні бойына душ қабылдағанға не жетсін? Бұл да пайдалы.
Дәрігер, әсіресе жүрек қан тамырлары жүйесі осал науқастарға аса сақ болу керектігін ескертеді. Өйткені күннің күрт құбылуы, бірден ысып, бірден сууы ондай науқастарға демде әсер етеді, сондықтан олар белгіленген дәрі-дәрмегін уақытында қабылдап, сақтанып жүргені дұрыс. "Олар барометр секілді, тіпті күні бұрын ауа райының алмасатынын да сезіп қояды. Ыстықта олардың қан қысымы түсіп кетеді. Сондықтан мұндай науқастар тікелей дәрігердің бақылауында болып, қабылдап жүрген дәрісінің мөлшерін азайтып-көбейту жағын кеңесіп отыруы қажет. Егер қан қысымы төмендесе, онда бірден жедел жәрдемге хабарласу керек. Өкінішке қарай, бұл кезеңде өлім-жітім де көбейіп кетеді" - дейді Мұхамбетова.
Еске сала кетелік, "Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша Қазақстанның кейбір аймақтарындағы ауа райы көрсеткіші 40-43 градусты көрсетеді. Дегенмен Астанадағы жедел жәрдем орталығының мәліметіне сүйенсек, аптап ыстықта жедел жәрдем шақырушылар саны көбеймеген.