Астана тұрғыны таяуда 13 жастағы мектеп оқушысы өлі табылған құдықтың маңында ашық жатқан тағы бір құдыққа құлап кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана тұрғыны таяуда 13 жастағы мектеп оқушысы өлі табылған құдықтың маңында ашық жатқан тағы бір құдыққа құлап кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жанар Қожабергенова 25 қарашада Айнакөл мен Қордай көшелерінің қиылысында орналасқан құдыққа құлап кеткен. Бірақ, абырой болғанда, ол бар салмағымен құлап кетпеген, құдықтың шетінен ұстап қалған екен. Осылайша, ол өтіп бара жатқан адамдар көрінбегенше сол күйі тұрған.
© Жанар Қожабергенова
"Кішкентай үш жасар баламен әпкеме қонаққа бара жаттым. Сол күні боран болған еді, баланы жолдың шетімен алып келе жаттым. Алдымда келе жатты, капюшонынан ұстап жүрдім. Бір сәтте құлап бара жатқанымды сездім. Бастапқыда не болып жатқанын түсінбедім. Асфальт опырылып жатыр ма деп ойладым. Бала үшін уайымдап, оны ары қарай итердім. Ол қорқып, жылай бастады. Содан қатты айғайлай бастадым, көмек сұрадым. Барлығы көліктерімен өтіп бара жатты, кейбіреулер тіпті телефонға түсіріп жатты", - дейді астаналық Жанар.
Оның айтуынша, жүргізушілердің біреуі де оған көмектеспеген.
"Алыстан бір әйел мен баланың мен жаққа қарай жүгіріп келе жатқанын көрдім. Сөйтіп ол маған қарай жақындап, мені тарта бастады. Сол маңда 14-15 жастағы қыз жүрді. Екеуі мені алып шықты. Сол құдықты суретке түсіріп, 109-ға жібердім", - дейді Қожабергенова.
Үйге келген соң ол аяғының жарақаттанғанын көріп, бірден полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан.
Айта кетейік, 13 жастағы қыз құлап мерт болған құдық та сол аумақта - Қошқарбаев пен Өзбек Әлі Жәнібек көшелерінің қиылысында орналасқан.
"Балалар үшін қорқасың". 13 жастағы қыз өлі табылған құдық қайда?
Еске салайық, мұның алдында Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы қыздың құдықтан табылғаны хабарланған болатын. Қыздың қайтыс болғаны туралы ақпаратты ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі өкілдері растаған еді.