Ақмола облысының полицейлері Қырғызстан азаматтарын қар құрсауынан құтқарып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысының полицейлері Қырғызстан азаматтарын қар құрсауынан құтқарып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11 қаңтар күні Ақмола облысы ІІД жол-патруль батальонының 3-взводының қызметкерлері Астана - Екатеринбург автожолының 986-шақырымында Қырғыз Республикасының 18 азаматына көмек көрсетті. "Полицейлер Ош облысының Қарасу ауданы Отызадыр ауылының 43 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Volkswagen Crafter маркалы автомобильдің қозғалтқышы істен шыққанын анықтады. Автокөліктің салонында 17 жолаушы болған", - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Полицейлер мен ТЖ қызметкерлері Атбасар қаласына жолаушыларды эвакуациялады. Ал автомобиль автобус паркіне жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы - Екатеринбург тас жолында көктайғақтың салдарынан қозғалыстың қиындағаны хабарланған еді. 7 қаңтар күні түнде осы автожолдың 956-шақырымында Mercedes маркалы ауыр жүк көлігі жолдың шетіндегі жарға түсіп кеткен. Жүк көлігі келесі күні таңертең қар құрсауынан құтқарылды. "Жол-патруль полициясы батальоны қызметкерлерінің шұғыл, үйлесімді әрекетінің арқасында 7-8 қаңтар күндері Қарағанды облысы аумағынан өтетін Алматы - Екатеринбург тас жолында бірде-бір адам зардап шеккен жоқ", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.