ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері "Самара - Шымкент" автожолында болған төтенше жағдайға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері "Самара - Шымкент" автожолында болған төтенше жағдайға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2018 жылдың 18 қаңтарында Астана уақытымен сағат 10:30-да "Самара - Шымкент" автожолының 1068 шақырымында Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде (Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы) мемлекеттік нөмірі X 335 РСМ "KassbohrerSetra" жолаушылар автобусы өртенді", - делінген министрліктің хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, 57 адам зардап шеккен, оның 52-сі қайтыс болды. 5 жолаушы өз күштерімен шығып, аман қалған (Барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары). Автобус Шымкент қ. (ҚР) - Қазан қ. (РФ) бағытына халықаралық тасымалды жүзеге асырған.
"Өрт болған жерге Жолдағы медициналық құтқару бекеті "МАО" ММ (4 адам және 1 техника), "ҚазАвтожол" АҚ өкілдері (5 адам және 4 техника), Ырғыз ауданының ТЖБ басшысы, Ырғыз ауданының ӨБ-9 (4 адам және 1 техника) және Қарабұтақ ауылының "СП и АСР" ММ ӨБ-7 өрт сөндіру бекетінен (5 адам мен 1 техника) жіберілді. Облыс орталығынан 320 шақырым ара қашықтықта орын алған.
Автобус: KassbohrerSetra Х335РСМ.
Иесі: Мехтиев Ордухан Сабироглы.
Шыққан жылы: 1989 ж.
Сыйымдылығы: 59 адам.
Тұрақты маршрут тізімінде тіркелуі: тіркелмеген
Жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау лицензиясы: берілмеген (арендалық келісім шарт бойынша жұмыс істеген болуы мүмкін).
Міндетті техникалық байқау: 17.08.2015 жыл (ЦТО ЖК "Искаков Н.Е.", Шымкент қ.), аяқталу мерзімі 17.02.2016 жыл", - деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз қызметі.
Осыған дейін ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев төтенше жағдайдан зардап шеккен және қаза тапқандардың отбасына жан-жақты көмек көрсету үшін арнайы комиссияның құрылғанын хабарлады.
"Комиссияның құрамында ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры Ардақ Мәдиев, құқық қорғау органдарының өкілдері мен облыстық басқа органдарының өкілдері бар", - деп хабарлады Алмас Сәдубаев.
Осыған дейін өртенген автобустың фото мен видеолары және аман қалғандардың аты-жөні жарияланған болатын.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Ikarus маркалы автобустың 18 қаңтарда сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара - Шымкент тасжолының 1068 шақырымында Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде өртенгені айтылған еді. Автобустың ішінде 55 жолаушы және екі жүргізуші болған. Оның бесеуі автобустан шығып үлгерген.