Ақтөбе облыстық прокуратурасы Жайсаң арнайы ұйымында соққыға жығылған тәрбиеленушіге қатысты істі бақылауға алды, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облыстық прокуратура аппаратының басшысы Жасұлан Дәулембаевқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық прокуратурасы Жайсаң арнайы ұйымында соққыға жығылған тәрбиеленушіге қатысты істі бақылауға алды, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облыстық прокуратура аппаратының басшысы Жасұлан Дәулембаевқа сілтеме жасап.
Баланың соққыға жығылғаны туралы құқыққорғаушы Әлима Әбдірова Facebook арқылы хабарлады.
"16 ақпанда Жайсаң арнайы ұйымында тәрбиеші баланы соққыға жыққан. Куәгерлердің айтуынша, соққыға жығылған баланың басында көптеген қанды ісік бар және денесі көк ала қойдай. Қызметкердің балаларға бұлай істегені алғаш рет емес. Қызметкердің баланы соққыға жыққаны туралы мәселе қаралған еңбек ұжымының жиналысынан кейін, директор оған қызметін жалғастыруға рұқсат берген", - деп жазды Әбдірова.
Оның айтуынша, бұл мекемедегі тәрбиеленуші балалар өздерін қорғай алмайды, себебі олардың көпшілігі жетім.
Бұл мәліметке қатысты облыстық прокуратурадағылар Мәртөк АІІБ-нің сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады.
"Жайсаң арнайы білім беру ұйымында кәмелеттік жасқа толмағандарға қатыгездік таныту дерегі бойынша әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге қатысты, 2018 жылы 22 ақпанда Мәртөк АІІБ Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігіне (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деді Дәулембаев.
Бұл іске қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды, тергеу жүріп жатыр. Өзге мағлұмат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбай отыр. Тергеудің барысын Ақтөбе облыстық прокуратурасы бақылауға алды.