Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылында белгісіз ауру 10 күн ішінде 160 малға жұқты. Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлады.
Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылында белгісіз ауру 10 күн ішінде 160 малға жұқты. Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлады.
Ауруды жұқтырған малдың дене температурасы көтеріліп, аузынан ақ көбік ағады. Дене қызуы жоғары болғандықтан, малдың мүйіздері сынып, тұяқтары да босап қалған.
"Белгісіз инфекция өте тез таралады. Ауылға республика және облыс орталығының мамандары келді. Ауруға шалдыққан малды уақытша жайылымға шығаруға болмайды. Ал малдың бастарын, сирақтары және терілерін сол жерде өртеп жатыр. Біздің мақсатымыз - бұл аурудың таралып кетуіне жол бермеу", - деді аудан әкімінің орынбасары Болат Құлов.
"Бұзауларымыз аурудан өліп жатыр. Интернеттен қарасақ, аусыл ауруының белгілері сияқты. Аурудың әрі қарай таралып кетуінен қорқамыз. Сондықтан малымызды тапсырып жатырмыз. Басшылар келіп, көмектесетінін айтты. Қазір малдың етінің бір келісін 900 теңгеден алып-сатарларға беріп жатырмыз", - деді ауыл тұрғыны Сайлыбай Үдербай.
65 жастағы Кәлима Жақыпованың айтуынша, ол өмірінде мұндай жағдайды бірінші рет көрген. Мал дәрігерлері де мұндай аурудың таралуы тәжірибелерінде алғаш рет болғанын айтты.
"Әзірше ешқандай болжам айта алмаймын. Сынамаларды зертханаға жібердік. Уақытты соза беруге болмайды, ауру тез таралып жатыр. Қазір пастереллез, аусыл ауруларына қарсы екпе салып жатырмыз. Ауру адамдарға қауіпті емес", - деді Ақтөбе облысының мал дәрігерлерлік және санитарлық инспекторы Темірбек Нұртазин.
© Aktobenews.kz