Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа "полицейлердің қатысы болуы мүмкін" деген ақпарат тексеріліп жатыр. Аталған дерек бойынша қызметтік тергеу басталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында Mercedes пен Zeekr соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында мерт болды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Жарыс туралы нұсқа
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде видеожазбалар тарады. Видео авторларының айтуынша, жол апатына көліктер жарысы себеп болуы мүмкін. Олардың сөзінше, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қызметтік көлікпен қатысқан болуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те оқиғаға полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол өз күдігін әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаға негіздеді.
"Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің жарысқа қатысы бар ма? Әл-Фараби бойындағы үш адамның өліміне әкеп соққан жарысқа қатысқандардың бірі полицей болды деген күдік бар. Сол себепті бәрі жасырып отыр. ІІМ-нен түсініктеме беруді сұраймын", – деп жазды Әбенов.
Депутат бөліскен видеода ер адам жарысқа қатысушылардың бірі Полиция департаменті бастығының орынбасарларының бірі болуы мүмкін екенін айтады.
Полиция пікірі
Алматы Полиция департаменті қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.
"Полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізіп жатыр, оған нақты құқықтық баға беріледі. Егер қызметкерлердің кінәсі анықталса, ең қатаң шараларды қолданамыз", – деп мәлімдеді Алматы ПД бастығы Айдын Қабдулдинов.
Сондай-ақ ПД бастығы Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада екенін айтты. Оның сөзінше, жүргізушінің жағдайы тұрақталғаннан кейін оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалады.