Алматы қаласының полиция қызметкерлері ұялы телефондарды бұғаттайтын алаяқтардың жүргенін ескертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері ұялы телефондарды бұғаттайтын алаяқтардың жүргенін ескертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, Алматы қаласының полициясына алаяқтардың құрбаны болған бірнеше азаматтан шағым түскен. Азаматтардың көбісінің мобильді iPhone телефоны бұғатталып, кейіннен олар телефонды қайта іске қосу үшін бопсалау арқылы ақша алмақ болған алаяқтарға алданған.
"Бұл алаяқтық мынадай жолмен жасалған: "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі топтардың бірінде зардап шегушінің танысының жеке парақшасынан басқа біреу отырады. Кейінірек келесі қолданушыға осы парақшадан оның iPhone телефонын белгілі бір бағдарлама арқылы табуға көмек сұрайтын хабарлама келіп түседі. Осылайша, алаяқ зардап шегушінің ұялы телефонындағы жеке мәліметтерді біліп алып, кейіннен оның телефонын бұғаттап тастайды. Ал ұялы телефонды қайта іске қосу үшін ол зардап шегушіден ақша сұрайды. Алаяқ әлеуметтік желіде оған телефонды қосу үшін қажетті нұсқамаларды береді. Сондай-ақ, ақшаны QIWI төлем жүйесі арқылы төлеуге міндетті екенін айтады", - деді Алматы қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының "К" бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Асқар Сысоев.
Айта кетейік, жедел-іздестіру шаралары барысында алаяққа алданған азаматтардың ішінде iPhone маркалы ұялы телефонның бірнеше иесі анықталды. Сонымен қатар, алаяқ өзінің құрбандарымен "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі таныстарының парақшасынан жазысқан.
"Қазіргі уақытта барлық дерек сотқа дейінгі бірыңғай тіркеу реестріне тіркелді. Жедел-іздестіру іс шаралар кешені жүріп жатыр. Азаматтарды алаяқтардан сақ болуын және әлеуметтік желілерде абай болуын сұраймыз", - деді подполковник Сысоев.