Алматы-Бішкек автожолының 23-шақырымында автобус пен микроавтобус соқтығысып, ірі жол апаты болған еді, екі адам әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы-Бішкек автожолының 23-шақырымында автобус пен микроавтобус соқтығысып, ірі жол апаты болған еді, екі адам әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нақтыланған деректер бойынша, ауруханаға 22 адам барған, екі адам әлі де жансақтау бөлімінде, жалпы бөлімде 9 адам жатыр. Жансақтау бөліміндегі адамдардың жағдайы - орташа ауыр. Екеуі де ересек - екеуінде де бас сүйек-мидың жабық жарақаты, аяқтарының төменгі бөліктері сынған. Ауруханаға түскендердің арасында балалар жоқ", - деп хабарлады Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахметтің мәліметінше, апатқа байланысты адамдарды ұстау шарасы жүргізілмеді, себебі "адам өлімі болған жоқ". Оның айтуынша, "жүргізушілердің бірі ауруханаға жеткізілді".
Еске сала кетейік, 28 қазан күндіз Алматы-Бішкек автожолының 23-шақырымында автобус пен микроавтобус соқтығысып, ірі жол апаты болды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабына (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес тергеу басталды.
Бұған дейін 21 адамның зардап шеккені хабарланды. Олардың алтауы Қаскелең ауруханасына жатқызылды, біреуі жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің барлығы жолаушылар микроавтобусының жолаушылары.