Алматыда Өзбекстанның 29 жастағы тұрғыны Эмиль Гелмутдинов сотта өз кінәсін мойындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда Өзбекстанның 29 жастағы тұрғыны Эмиль Гелмутдинов сотта өз кінәсін мойындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Түрксіб ауданындағы сотта бұлтартпау шарасын таңдау барысында белгілі болды. Ташкент тумасы 1988 жылғы ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінің 1,3,7 тармақтары бойынша айыпталып отыр. Айта кетейік, Алматыда жалдамалы пәтерлердің бірінде тоңазытқыштан екі баланың мәйіті табылған еді.
Іс материалдары бойынша, ер адамға балаларын өлтіру туралы ой 7 қыркүйекте келген. Ол сол күнге дейін үш күн бойы балалардың шешесімен және пәтер иесімен ішімдік ішкен.
"14.00 шамасында ол Волченкоға 2015, 2016 және 2017 жылғы балаларды бағудан шаршағанын айтқан, себебі балалар жұмыстан кейін маза бермеген, отбасын асырауға көп ақша жұмсалатын болған", - деп оқыды іс материалдарын судья Дінасыл Жанатқызы.
© Tengrinews.kz
Тергеу мәліметінше, Волченко келісім берген. Олар пәтер иесіне кіші балаларды Ташкентке апарып, Гельмутдиновтің ата-анасының қолына беріп келетінін айтқан. Олар Алматы вокзалының маңында жеке үй жалдаған.
"Өздері бекітіп алған рөлі бойынша Волченко үлкен ұлымен үйден кетіп қалған, Гельмутдиновтің қылмысын бала көрмеуі үшін солай жасаған", - деді судья.
Осыдан кейін ер адам екі баланы да тұншықтырған. Тергеу мәліметінше, балалардың мүрдесін ер адам спорттық сөмкеге салған. Кейін сол балалардың шешесімен кафеде кездескен, оқиға жайлы хабарлап, ары қарай ішімдік іше берген.
2017 жылдың 8 қыркүйегінде, құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам мен әйел үйге оралып, мәйіттер салынған сөмкені шкафқа салып қойған. Ал пәтер иесіне Ташкенттен оралғанын айтып, ішімдік ішуді жалғастыруды ұсынған.
"10 қыркүйекте таңғы уақытта Гельмутдинов пен Волченко Сейфуллин көшесіне барған. Пәтер жалдап, балалардың мәйіті бар сөмкені сондағы тоңазытқышқа салған. 11 қыркүйекте олар үлкен ұлынан да құтылудың амалын іздейді", - делінген материалда. Сөйтіп, олар баланы ойын алаңында тастап кеткен.
Анкета мәліметтерін зерттеу барысында ер адамның заңды некеде тұрмағаны анықталды, қала кафелерінің бірінде даяшы болыпты. Сот отырысында судья Дінасыл Жанатқызы күдіктіден қылмысын мойындағанын нақтылап сұрады, күдікті мойындайтынын айтты. Ол бұлтартпау шарасымен де келісті. Күдіктінің бұл мәлімдемесін адвокаты Амангелді Сариев те қолдады.
"Ол кінәсін мойындайды, өкінеді. Ұсталған сәттен бастап ол өзінің екі баласына қатысты барлық мән-жайды айтып берді", - деді адвокат. Сот шешімі бойынша Эмиль Гельмутдиновке қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Дәл осындай айыптар балалардың шешесіне - 1983 жылғы Алла Волченкоға тағылды. Ол Алматы қаласының тумасы, заңды некеде тұрмайды, сотталмаған. Сол кафеде бірге жұмыс істеген, екеуі бірге тұрған.
© Tengrinews.kz
Оның адвокаты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын сұрады. "Менің қорғалушымның кінәсін тергеу толықтай дәлелдемеді. Адам өлтіру сәтінде ол үлкен ұлымен қыдырып жүрген. Оқиға жайлы үшінші күні бірақ білді. Ол мас болған. Балаларының жанында жоқ екенін ұқпаған. Балалардың өлтірілгенін білген сәтте суицид жасамақшы болды. Олар газдан уланғысы келген, ойлағандары жүзеге аспады. 12 қыркүйекте полицияға өздері келді. Үйқамақ бұлтартпау шарасын таңдауды сұраймын", - деді адвокат.
Судья тараптардың позициясын тыңдағаннан кейін Алла Волченкоға 11 қарашаға дейін қамауға алу бұлтартпау шарасын таңдады.