Алматыдағы қоймада сәрсенбі күні түнде басталған өрт бейсенбі күні таңертең толық сөндірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Telegram-арнасында мәлімдеді.
"ТЖМ күштерімен 1900 шаршы метр аумақтағы өрт толықтай сөндірілді", – делінген хабарламада.
Бұған дейін ведомство өрттің оқшауланғаны туралы хабарлаған болатын.
"Өртсөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекеттері арқасында жалынның жанындағы ғимаратқа таралуына жол берілмеді", – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Еске салайық, түн ортасына таман ведомство Солтүстік айналма тасжолында қойма өртеніп жатқанын, оқиға орнында жоғары шақырту санаты бойынша өртсөндірушілер жұмыс істеп жатқанын хабарлаған еді.
Өрт сөндіру штабы құрылып, сөндіру жұмыстарына жеке құрамнан 85 адам мен 22 техника жұмылдырылған. Өртті сөндіру жұмыстары ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен жоғары өрт жүктемесіне байланысты күрделене түсті.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп мәлімдеді ведомство.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!