Алматыда тағы бір бала көлік астына түсіп қаза болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға Байзақов көшесінде, Бөгенбай батыр мен Қарасай батыр көшелері арасында болған. Көлік жеті жасар баланы қағып, ол оқиға орнында көз жұмған.
Алматы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, қайғылы жол-көлік оқиғасы сағат 15:30 шамасында болған. Бала жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болған.
"Jetour автокөлігінің жүргізушісі Байзақов көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, 7 жасар баланы қағып кетті. Бала шығысқа қарай жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтіп бара жатқан. Соққы салдарынан ол қарама-қарсы бағытта келе жатқан Hyundai маркалы көлікке соғылған. Өкінішке қарай, алған жарақаттарынан бала оқиға орнында көз жұмды", – деп хабарлады полиция өкілдері.
Ведомство мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы ПД тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Еске салайық, 2 сәуірде Алматыда жүк көлігі жеті жасар қызды жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кетіп, ол да оқиға орнында қаза тапқан еді. Фура жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!