Алматыда өрт шыққан балалар үйі ғимаратын жөндеу жұмыстарын үш айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Динара Зәкиева Instagram-парақшасында "Перзент" жеке қайырымдылық балалар үйінде тұратын балалармен кездескенін айтты.
"Өрт болған ғимараттағы жөндеу жұмыстарын үш айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр", – деп жазды ол желіде.
Омбудсменнің айтуынша, балалар уақытша шипажай ғимаратына орналастырылған, барлық қажетті жағдай жасалған.
"Қазір барлығы - 29 бала, себебі алтауын ата-аналары алып кетті. Бірнеше күн ішінде оларды мектепке жақын орналасқан қордың басқа ғимаратына көшіреді", – деді Зәкиева.
Не болған?
9 қарашада Алматыдағы Наурызбай ауданында "Перзент" жеке қайырымдылық балалар үйі аумағынан өрт шықты.
Барлық 35 бала мен қызметкерлер дер кезінде эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Балалар қауіпсіз орындарға орналастырылып, оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды.
Оқиға орнына Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және қалалық құрылымдық бөлімдердің басшылары барды. Жағдай бақылауда екені айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!