Алматыдағы қонақүйде жәндіктерді улаудан кейін ауруханаға түскен төрт бала Ақсу балалар ансамблінің мүшесі болып шықты. Павлодар облысы Білім басқармасы мәліметінше, команда Алматыға 9 шілдеде өткен халықаралық би байқауына келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ақсу қаласының "Кавказ ансамблі" Алматыға шыққан. Команда құрамында 8 бен 14 жас аралығындағы 19 бала және 6 ересек адам болды. 11 шілдеге қараған түні олар тұрған қонақүйде химиялық заттармен өңдеу жүргізілген. 13, 12, 8 және 14 жастағы төрт бала зардап шекті", - деді Павлодар облысының білім басқармасы өкілдері.
Ведомство мәліметінше, кәмелетке толмаған балаларға орташа дәрежедегі улану диагнозы қойылған.
"Қазір балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Олар қажетті ем-дом алып жатыр. Бүгін тағы тексерілмек, оның қорытындысы бойынша үйге шығару туралы мәселе қаралады", - деді ведомстводағылар.
Сондай-ақ, ансамбльдің 8 мүшесі мен 6 ересек адам үйлеріне қайтқаны хабарланды. Қалған 11 бала, сондай-ақ уланған балалардың ата-анасы басқа қонақүйге орналастырылған.
"Ансамбль жетекшісі және зардап шеккендердің ата-анасымен тұрақты байланыс орнатылып, балаларды Павлодарға қайтару мәселесі шешіліп жатыр", - деді ведомство өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы қонақүйде жәндіктерді улаудан кейін төрт бала ауруханаға түскені хабарланған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!