Алматыға тойға келген 16 жастағы қыз жоғалып кетті, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Алматыға тойға келген 16 жастағы қыз жоғалып кетті, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Туыстарының айтуынша, оны әлеуметтік желі арқылы танысқан адамы ұрлап кетуі мүмкін. Себебі соңғы рет жоғалып кетер алдында сонымен сөйлесіпті.
Телеарнаның мәліметінше, қыздарын 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласынан Алматы облысына тойға жіберген ата-ана қыздарынан осылай көз жазып қаламыз ба деп мүлдем ойламаған. 9-сыныпты енді ғана бітірген қыз оқуда үздік, тәрбиелі, айтқанды тыңдайтын еді дейді туыстары.
"Оған ешкім ұрысқан жоқ. Ол негізі келгенде атасы мен екі жеңгесімен, ағасымен келген. Олар да ешқандай кикілжің болмағанын айтып жатыр", - дейді Назеркенің анасы Бағдат Мұсылманова.
Құзырлы органдардың жұмысына көңілі толмаған Назеркенің ата-анасы қыздарын өз беттерінше іздеуді бастап кеткен. Олардың айтуынша, дәл қазір күдік Зайсан ауданының 27 жастағы тұрғынына түсіп отыр екен. Ол Назеркемен осыған дейін әлеуметтік желі арқылы жазысып отырған.
"Назерке осы Алматыда болған, сосын Талғарға барған, тіпті біреулер оны Ащыбұлақтан көргендерін айтты. Декабрьскийде болды дейді. Ол жаққа да іздеп бардық. Ал әлгі байланысқан жігіт екі рет сотталып келген екен. Хабарласып, хат алмасқан дейді әлеуметтік желіде. Бәрі де құрсыншы, тек осы қызым табылса екен. Осы баламды тауып берсе, халыққа көп алғысымды айтар едім. Дауласпаймыз, бізге басқа еш нәрсенің керегі жоқ", - дейді қыздың апасы Қапиза Мадауытова.
Талғар аудандық Полиция басқармасындағылар жоғарыда аталған нұсқаны жоққа шығарып отырған жоқ. Тіпті оны анықтау үшін Зайсан қаласына арнайы топ та жіберіп отыр екен.
"Жедел іздестіру шараларының негізінде арнайы топ құрылып, Шығыс Қазақстан облысына шыққалы жатыр. Арнайы топ Назеркенің танысы саналатын Қамбар туралы ақпарат жинап, оның Назеркенің жоғалуына себебі бар деген нұсқаны тексереді. Соңғы рет, 18 маусым күні бойжеткен әкесіне қоңырау шалып, аман-есен екендігін және полицияға шағым түсірмеуін сұраған", - дейді Алматы облысы Талғар ауданы ПБ криминалды полиция бөлімі басшысының орынбасары Андрей Бурьянский.