Астана-Бурабай тасжолында қаза болған Құмарбек Жәкетай өз өліміне екі минут қалғанда баласына хабарласып, сақ болуын сұрапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана-Бурабай тасжолында қаза болған Құмарбек Жәкетай өз өліміне екі минут қалғанда баласына хабарласып, сақ болуын сұрапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құмарбектің және қаза болған тағы басқалардың оқиғасын Tengrinews.kz тілшісіне ер адамның баласы айтып берді. Нұрболаттың айтуынша, әкесі өлімінің алдында екі минут бұрын телефон арқылы хабарласқан. Құмарбек сол күні жолда жүрген баласының өміріне алаңдаған.
Қаза болған Құмарбек Жәкетай әйелімен. Сурет отбасының жеке мұрағатынан.
"4 желтоқсанда әкем Макинскте болған, ол жаққа туысымыздың жерлеуіне қатысу үшін барған. Сол күні әкем өз көлігімен жолға шығып кеткен. Ол Kia Rio көлігінде болды. Әкем оқиға алдында маған хабарласып, жолда абай болуымды сұрады. "Мұнда апат көп болып жатыр, абай болыңдар" дегені есімде", - дейді Нұрболат Құмарбекұлы.
Нұрболаттың айтуынша, ол оқиғадан кейін бірнеше минуттан өткенде оқиға орнынан жүріп кеткен. Сол уақытта ер адам қаза тапқандардың арасында әкесі болғанын білмеген.
"Боран соғып тұрды, біз жолда тоқтадық. Төрт адамның өлігін көріп, шыдай алмай, көлікке отырып, кетіп қалдым. Бірақ ол жақта әкемнің жатқанын білмедім. Соққыдан ол автобустың астында қалыпты", - дейді ер адам.
Нұрболат Nissan Cefiro жүргізушісінің әкесінің жерлеу рәсіміне келгенін атап өтті. Ер адам Құмарбек Жәкетайдың ерлігін баяндапты. "Жерлеу рәсімі болған күні бізге Nissan жүргізушісі Ерлан Оспанов келді. Көңіл айтып, бата берді. Әкеміздің қандай батыл әрекет жасағанын айтып берді. Әкем бастапқыда Nissan жүргізушісін босатып шығарған екен. Кейін Ерланмен бірге баланы салоннан алып шығыпты. Баланы ауруханаға жіберіпті. Адамдар көп болған. Nissan жүргізушісі күртесімен көмекке шақырып, былғапты. Бірақ барлығы дерлік өтіп кете берген, ешкім мұндай ауа райында тоқтағысы келмеген екен. Олар әкемізбен бірге қалған жолаушылардың қауіпсіздік белбеуін шешуге көмектескен. Әкем біреуін көліктен жартылай алып шығып жатқан кезде көліктің артынан автобус келіп соққан. Жүргізуші әкеме автобус келе жатқанын, сақ болуын айғайлап айтқан. Бірақ әкем бұған мән бермей, адамдарды құтқара берген", - деп әңгімелепті әкесінің ерлігін баласына Nissan Cefiro жүргізушісі.
"Жақындарымыз бен туыстарымыз бар. Мұны да өткереміз. Көмекке зәруміз дей алмаймын. Өзім Астанада, республикалық балалар орталығында жұмыс істеймін. Бір ғана өтінішім бар. Әкемнің ісі елеусіз қалмаса екен. Кезекті бір өлім ретінде ғана танылмаса екен", - дейді Нұрболат.
Марқұмның әйелі Түнғатар Сапарғалиқызы күйеуінің өте қайырымды адам болғанын айтады. Әйелдің айтуынша, шаруашылықпен Құмарбектің өзі айналысыпты, себебі әйелі үшінші топтағы мүгедек екен.
"Жолдасым өте қайырымды, әділ адам болған. Ешкімге ешқашан есігін тарс жаппаған. Дастархан басында балаларына қайырымды болуларын, әр кезде адамдарға көмектесу керек екенін айтып отыратын. Бізге көмек керек дей алмаймын. Балаларымыз, туыстарымыз бар, өзім де жұмыс істеймін. Жалақы аз, бірақ сонда да. Әрине, жолдасымсыз қиын болары анық. Үй шаруасымен бір өзім айналыса алмаймын, үшінші топтағы мүгедекпін. Көшсек пе деп отырмыз. Үлкен балаларымыз Астанада жұмыс істейді. Ал біз мұнда күйеуіммен және қызыммен өмір сүріп келдік", - дейді марқұмның әйелі.
Құмарбек Жәкетай келесі жылдың 3 ақпанында 51-ге толар еді. Ерлі-зайыпты Моңғолиядан келген екен. Олар Қазақстанға 1992 жылы көшіп келген. Жаңажол ауылында тұрып келіпті. 6 желтоқсанда Құмарбек Жәкетай жер қойнына тапсырылды. Ауылдастарының айтуынша, жерлеу рәсіміне ауылдағы барлық тұрғын қатысқан.
Жол-көлік оқиғасы болған орын. Куәгерлердің суреті.
Еске салайық, Ақмола облысында жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соғысып, төрт адам қаза тапқан. Жол апаты сағат 14.10-да Атамекен ауылынан 10 шақырым жерде болған. Полиция мәліметінше, 49 жолаушысы бар Бурабайдан шыққан автобус Астанаға барар жолда алдында кетіп бара жатқан Nissan Cefiro артынан соққан. Жеңіл көлікте отырған үш әйел автомобильдің салонында қайтыс болған. Сонымен қатар, автобус соққыдан кейін, жол бойында тұрған ВАЗ-2106 көлігінің жүргізушісін қағып өлтірген. Кейін полицейлер ірі жол апатының мән-жайын айтып берді.