Астана - Шарджа бағытында ұшып кетуі тиіс болған Air Arabia әуе компаниясының рейсі тағы кейінге қалды. Бұл жөнінде Tengrinews.kz тілшісіне "Нұрсұлтан Назарбаев" әуежайының баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
Астана - Шарджа бағытында ұшып кетуі тиіс болған Air Arabia әуе компаниясының рейсі тағы кейінге қалды. Бұл жөнінде Tengrinews.kz тілшісіне "Нұрсұлтан Назарбаев" әуежайының баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
89 жолаушысы бар ұшақ Астанадан 6 қаңтар күні сағат 4.55-те ұшып шығуы тиіс болған. Алайда есігі қатып қалып, рейс кешкі сағат 19.00-ге ауыстырылған болатын.
Алайда көрсетілген уақытта ұшақ тағы ұшып шықпады. "Жолаушылар қауіпсіз жерде, 1 номерлі терминалда. Air Arabia бұл әуе кемесіне қызмет көрсету бойынша Air Astana әуе компаниясының қызметін пайдаланады. Қазіргі таңда "Эйр Астана" компаниясының инженерлері ұшақтың ұшпай қалу себептерін анықтап жатыр. Астана әуежайының бұл жайтқа және Air Arabia бортының техникалық жағдайына еш қатысы жоқ. Астана әуежайының қызметкерлері жолаушыларды тыныштандырып, әуежай ғимаратында оларға қолайлы болу үшін жағдай жасап, бар күштерін салып жатыр", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Кейін әуежай мамандары Астана - Шарджа рейсінің белгісіз уақытқа қалдырылғанын хабарлап, адамдардың үйге жіберілгенін айтты.
6 қаңтар күні кешке Facebook қолданушысы Денис Кривошеев әлеуметтік желідегі парақшасына Air Arabia ұшағының қозғалтқышы "қатты түтіндеп, от алмады" деп жазды. Ол оқиға орнынан бірнеше сурет пен видеоны жариялады, сонымен қатар, "252 рейсінің жолаушылары ұшудан түбегейлі бас тартты" деп мәлімдеді.
Алайда, Астана әуежайы баспасөз қызметінің мамандары әуе компаниясына жолаушылардың ұшудан бас тартқандары жөнінде ешкімнің хабарламағанын айтты.