Мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алынған жер телімдерінің өтемақысына наразы тұрғындар митинг кезінде ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова айтты.
Мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алынған жер телімдерінің өтемақысына наразы тұрғындар митинг кезінде ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова айтты.
"15 ересек адам мен 12 бала бүгін Есіл аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Олармен әңгіме жүргізілгеннен кейін үйлеріне жіберілді", - дейді Софья Қылышбекова.
Митингке балаларымен қатысқандар жауапкершілікке тартылмайтынын айта кету керек. Бүгін тұрғындар Бас прокуратура ғимараты маңында наразылық білдірген. Наразы топтың ұсталғаны түсірілген бейнежазбаны мына жерден көруге болады.
Еске сала кетейік, Астанада наурыз айының басында "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындарының митингі кезінде де тәртіп сақшылары ересектермен бірге балаларды да ұстап әкеткен болатын. Ол кезде наразылық шарасына сегіз ересек адам мен 33 бала қатысты. Кейін прокуратура "Махаббат" тұрғындарының наразылығына қатысты ахуалды түсіндірді.
Ақпан айында тұрғындарға есеп берген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов соңғы бес жылда 931 үй сүріліп, оның аумағы тәркіленгенін айтқан болатын. Тұрғындарға жалпы сомасы 10 млрд теңгеден астам өтемақы төленген. Меншік иелерінің бірлі-жарымы ғана наразы болған, қалғаны сот отырыстарынан соң өзара ымыраға келді.
Бас прокуратураның мәліметінше, мемлекет қажеттілігі үшін алынған жер телімдерінің құны қайта қаралуы мүмкін. "Заң бойынша өтемақы сату-сатып алу келісімшарты бойынша төленеді, егер жер телімі немесе үй бес-он жыл бұрын алынған болса, оның осы кезге дейін құнының өзгергені түсінікті. Мүліктің құнын тәркіленген уақытына қарай белгілеу мүмкіндігін заңмен бекіту үшін қолданыстағы мемлекеттік мүлік туралы заңның 67-бабын қайта қарауды ұсынамыз", - деген болатын Бас прокуратураның департамент бастығы Әсет Шындалиев.