Астанада жарты жылдың ішінде 50-ге тарта бала оқыс оқиғаға ұшырап, оның 11-і өліммен аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада жарты жылдың ішінде 50-ге тарта бала оқыс оқиғаға ұшырап, оның 11-і өліммен аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Статистикалық дерекке қарағанда, жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандардың арасында болған. Балалар көбінесе жандарында үлкендер болмағанда немесе тиісті бақылау жүргізілмегенде қайғылы жағдайларға ұшырайды. Бұл жағдай қас-қағым сәтте орын алады. Терезенің шыбын-шіркейге қарсы орнатылған торына асыламын деп балалардың құлап кетуі жиілеп барады. Бүгінге дейін осындай 10 оқиға тіркеліп, оның екеуі өліммен аяқталған.
Мәселен жақында ғана, 9 шілдеде күндізгі сағат екінің шамасында қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне қабырғасы, омыртқасы, бұғанасы сынып, миы шайқалған 6 жасар бала жеткізілді. Мамандар баланың 3-қабаттан құлағанын анықтады. Қазір оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Тағы да бір осындай жағдай сәуір айының аяғында болған. Жас бала байқаусызда 5-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Ол да түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
"Ата-аналарға тағы бір ескерткіміз келеді, шыбын-шіркейге қарсы қыстырылатын тор балаларды терезеден құлап кетуден сақтай алмайды, олардың бекіткіштері балалардың салмағын көтереуге арналмаған. Сондықтан полицейлер ата-аналарға терезенің ілгіштерін салып, мұқият тексеріп, мүмкіндігінше арнайы қорғаныш құрылғысын қоюды ұсынып отыр", - делінген таратылған хабарламада.
Айта кетейік, ертең, 11 шілдеде Астана полицейлері кәсіпкерлермен бірлесе отырып, балаларды қорғау үшін терезе жүйесіне қорғаныш қондырғысын орнатуға қатысты конференция өткізеді.