Астанада терезеден құлап кеткен баланы ауруханаға апара жатқандар жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада терезеден құлап кеткен баланы ауруханаға апара жатқандар жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің өкілдері отбасы зардап шеккен жол апатының мән-жайын айтып берді. 16 мамырда кішкентай қыз 3-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Ата-анасы қызды жедел жәрдем келгенше өз көлігімен ауруханаға апармақшы болып, жолда апатқа ұшыраған. Отбасы отырған көлік жүк көлігімен соғысқан.
"КамАЗ көлігінің жүргізушісі Қошқарбаев көшесімен келе жатып Жұмабаев көшесімен қиылысар тұста сол жаққа бұрыламын деп Toyota көлігімен соғысқан. Ал ол қарсы бағытта келе жатқан. Салдарынан жүргізуші, яғни әкесі мен кішкентай қыз ауруханаға жеткізілген", - деді Астана қалалық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, қыздың ауруханаға жатқызылғаны, ал қыздың әкесінің жарақат алып, бірақ дәрігерлердің тексерісінен кейін үйіне қайтарылғаны айтылады.
"КамАЗ жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, жол-көлік оқиғасы бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, баспасөз қызметіндегілер қыздың терезеден құлап кеткені жайлы хабарламаның аудандық ІІБ-нің кезекші бөліміне балалар ауруханасынан түскенін айтып өтті.