Астанадағы өртті өшіруге аулада қалай болса солай қойыла салған көліктер кедергі келтірген, - деп хабарлайды Астана ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі.
Астанадағы өртті өшіруге аулада қалай болса солай қойыла салған көліктер кедергі келтірген, - деп хабарлайды Астана ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі.
"Тұрғын үй ауласына қиқы-жиқы қойыла салған автокөліктер өрт сөндірушілердің өрт болған жерге жетуіне кедергі келтірген" - дейді баспасөз қызметіндегілер. Өрт Ш.Құдайбердіұлы көшесі бойындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде кешкі беске қарай тұтанған.
"Астана ТЖД-ға қарасты алғашқы өрт сөндіруші бөлім жеткенде тұрғын үйдің екінші және тоғызыншы қабатында кабельдік-коммуникациялық шахтасындағы электр кабельдері жанып жатқан. Өрт шарпыған алаң 15 шаршы метрді қамтыған. Өртті сөндіру барысында 50 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 18 адам, оның ішінде бес бала қауіпті аймақтан аман-есен шығарылған. Апат орнында жеке құрамадан 45 адам, 7 басты және 4 арнайы техника жұмыс істеген. Өрт 17.38-де толықтай ауыздықталған" - дейді баспасөз қызметіндегілер.