Атбасар қаласында еріген қар суы 330 үйді басып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атбасар қаласында еріген қар суы 330 үйді басып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаладағы су басқан үйлерден 256 адам қауіпсіз жерге көшірілген, олар мектептерге жайғастырылды. Су басқан аудандарға бес бақылау тұрағы орнатылды.
Дегенмен қала аумағынан су сорылып жатқандықтан, оның деңгейі бәсеңдеп жатыр. "Судың тұрғын үй секторының қалған бөліктерін басуына жол бермеу мақсатында жол төсемін ашу жөнінде жұмыстар жүргізілді, соның нәтижесінде су деңгейі төмендеді, еріген қар суы құбырлар арқылы арыққа құйылып жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ақмола облысының Астрахан ауданында еріген қар суы екі үйді басқан. Бұл үйлерден тоғыз адам көшірілді. Ал Целиноград ауданында 46 үй су ортасында қалды, 95 адам көшірілді. Шортанды ауданында жергілікті плотинадағы су өткізетін айналма құбырдың жарылып кету қаупі байқалған. "Қазіргі уақытта бөгет қалпына келтірілді, плотинада су деңгейі 40 сантиметрге төмендеді. 59 адам көшірілді", - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында. Бұланды ауданында 30-дан астам тұрғын үйді, Сандықтау ауданында ауылдарға апаратын жолды су басқан.