Атырау облысының әкімі Жұмыскер елді мекеніндегі мектеп оқушыларының белгісіз газдан жаппай улануын мұқият тергеуге нұсқау берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тайманов атындағы орта мектепте 22 адам уланып қалған, оның біреуі - ересек адам.

Оқушылар мен мектептің бір қызметкері ауруханаға "аэрозольден этиологиясы беймәлім улану" диагнозымен жатқызылған. Зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, пациенттердің жағдайы бір қалыпқа түсті, олардың алды ауруханадан шыға бастады.
"Өкілетті органдар оқиғаның себебін анықтау мақсатында қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов оқиға орнында және облыстық балалар ауруханасында болып, оқиғаны мұқият тексеруге нұсқау берді", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Қазақстанның батысында балалардың жаппай улануы бір күнде екі рет тіркеліп отыр. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 17 баланың астан уланғаны хабарланған болатын. Зардап шеккендердің жас шамасы - 11-16 аралығында. Балалар өздерін жайсыз сезінген, іштері өтіп, ауырған. Қазіргі уақытта оқиға орнына бактериологтер, санитар дәрігерлер, инфекционистер мен басқа да мамандардан құралған бригада аттанды. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Мамандардың айтуынша, жағдай облыстың барлық құзырлы органдарының бақылауында, тексеру жүріп жатыр, қажетті сынамалар алынды.