Шекарашылар Қазақстаннан Өзбекстанға алтыннан және гауһартастардан жасалған әшекей бұйымдары мен декларацияланбаған қомақты қаржыны алып өтпек болған екі адамды ұстады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Еліміздің оңтүстігіндегі Сарыағаш шекара отрядына қарасты Қонысбаев атындағы (автомобильдік) бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары алтыннан және гауһартастардан жасалған әшекейлі заттарды заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті", - делінген баспасөз хабарламасында.
Азаматтығы нақтылана қоймаған екі адам 14 дана әшекей бұйымын шекарадан жасырып өтпек болған. Тәркіленген заттардың қатарында алтын және гауһартасты жүзіктер, сырғалар, білезіктер мен қолсағаттар бар. Сондай-ақ олардан 76 800 АҚШ доллары, 143 300 теңге, 1000 өзбек сомы да алынды. "Қазіргі уақытта тексеру шаралары жүргізілуде", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.