Алматы полицейлері тротуарға шығып кетіп, балаларымен жүрген әйелге қарғыс айтқан жүргізушіні іздеп тапты, - деп хабарлайды Patrul.kz. Оқиға "Айнабұлақ" ықшамауданында болған.
Алматы полицейлері тротуарға шығып кетіп, балаларымен жүрген әйелге қарғыс айтқан жүргізушіні іздеп тапты, - деп хабарлайды Patrul.kz. Оқиға "Айнабұлақ" ықшамауданында болған.
Басылым мәліметі бойынша, Chevrolet көлігін мінген жігіт тротуарға шығып алып, балалары бар әйелдің жүруіне бөгет болған. Дегенмен әйел де көліктің алдына тұрып алып, оған ары қарай жүруіне жол бермеді. Біраз уақыттан кейін жүргізуші әйел мен балаларды айналып өтіп, "балаларың өліп қалсын" деп қарғаған болатын.
Айта кетейік, куәгерлер жолдаған видео Желіде жарияланып, Қазнет қолданушыларының ашуын келтірді.
"Іздеу шараларын жүргізіп, Chevrolet және Nissan Murano көліктерінің жүргізушілері кім екенін анықтадық. Олар бөлімшеге шақыртылып, 596-баптың 1-тарауы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әйел адамға тіл тигізген жүргізуші көлікті құжатсыз жүргізгені үшін оған қосымша хаттама толтырылды, ал көлік айып тұрағына қойылды", - дейді іздеу бөлімінің басшысы Ерік Насырбеков.
Кінәлі жігіт полиция бөлімшесінде отырып әйелден және барша қазақстандықтардан кешірім сұрады.
"Кеше кешке жол жабық болды, сондықтан тротуармен кеттім. Ыңғайсыз жағдайға түсіп қалдым. Ашумен айтып жібердім, өздігінен шығып кетті. Бұл үшін Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Балаға тіл тигізгім келген жоқ, ол әйелден де кешірім сұраймын, енді мұндай қайталанбайды", - дейді ол.